Ұлытау-Жезқазған өңіріндегі шетел инвестициясы тақырыбында Жезді аралас мектеп-интернатының 7 сыныбында тарих пәнінен ашық сабақ және «Өлкетану» курсының кіріктірілген сабағы...

 

Өлкетану сабағы. ХІХ-ХХ ғ. басында өлкедегі өндірістің, капиталистік қатынастардың дамуы.

         Ұлытау-Жезқазған өңіріндегі шетел инвестициясы тақырыбында Жезді аралас мектеп-интернатының 7 сыныбында тарих пәнінен ашық сабақ және «Өлкетану» курсының кіріктірілген сабағы М.Төрегелдин атындағы тау-кен және балқыту ісі тарихы музейінің ашық аспан астындағы экспозициясы мен Минералдар залы экспозициясы негізінде өтті.

ХІХ-ХХ ғ. алғашқы ширегінде қазақ даласындағы кен байлығына қызыққан Ресей кәсіпкерлері мен шетелдіктер Ұлытау-Жезқазған өңіріне ағылды.  «Спасск мыс кендері» мен «Атбасар мыс кені» АҚ құрылып, Ұлытау-Жезқазған өңірінде кен өндірісінің жаңа кезеңі басталды. Жездідегі музейдің ашық аспан астындағы алаңында сол кезеңнің кен өндірісіндегі техникалары, экспозиция залдарында шетелдік инвестицияның өлке өндірісін дамытуға қосқан үлесі жайлы деректері мен құжаттары, кен өндірісі жәдігерлерімен танысқан оқушылар мен қонақтар «Минералдар залы» экспозициялық залында одан әрі сабақты жалғастырды. Оқушылар қазақ даласында өндіріс дамыту кезеңінің берген пайдалы және зиянды нәтижелерін сараптап көрді. Жұмысшы табы дамып, өндіріс ұйымдастыру, жұмысшы мамандықтырын игеру, тұрмыста өзгерістер болғанын бағалай алды.

Қарсақбай мен Байқоңыр ауылында шахта мен завод салынуы, Қорғасын кенішінде кен өндіру, Есқұла темір кені орнын игеру мен Сарысу бойында байыту фабрикасының салыну жайлы деректерді нақты фото құжаттармен айтып жеткізумен қатар Қарсақбай мыс заводының құрылысы жайлы1928 ж түсірілген цифрлы форматқа көшірілген бейне фильм  сабаққа қатысушылардың үлкен қызығушылығын тудырды. Ұстаздар қауымы музей экспозицияларынан алған танымдық деректер жайлы ой бөлісіп,  осындай бірлескен жобалар мен кіріктірілген сабақтарды одан әрі жалғастыруға ниет білдірді.