Ұлытау облысының Жезді кентінде Мәкен Төрегелдин атындағы тау-кен және балқыту ісі тарихы музейі бар. Тақырыбы әйгілеп тұрғандай бұл музейдің Қазақстандағы басқа музейлерден ерекшілігі, тіпті артықшылығы бар. Мұнда адамзат өркениетінде алғашқылардың бірі болып металды игеру мәдениетін қалыптастырған дала халқының өндірістік жетістіктері дәріптеледі. Сол сияқты осындай ерекше мәдениет ошағының іргесін қалаған тұлғаның өмір жолы да көпке өнеге. ҰОС ардагері, Мәдениет қайраткері, Ө.А.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің құрметті профессоры Мәкен Төрегелдиннің туғанына биыл 100 жыл. Халықаралық деңгейдегі «Горный журнал» басылымының 2023 жылғы сәуірдегі санында «Тау-кен ісінің тарихы. Мәдениет» деген айдармен «Мәкен Төрегелдин атындағы тау-кен және балқыту ісі тарихы музейі» тақырыбында ғылыми мақала жарық көрді. Мақала авторы – Ө.А.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің ректоры, техн.ғ.д., профессор Ә.А.Такишев. Мақалада  Ұлы дала өркениетінің бір қыры – металл қорыту машығының қалыптасуы мен бүгінгі дәуірлерге дейінгі сабақтастығы, музей ісін дамытудағы жеке тұлғаның рөлі және жас ұрпақты инженерлік-техникалық кәсіпке баулудың мәселелері сөз болады. Айта кету керек, «Горный журнал» басылымы 1825 жылдан бері шығып келе жатқан өз саласындағы ең беделді ғылыми журнал болып есептеледі.