Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев экологияға байланысты өткізілген Халықаралық конференцияда сөйлеген сөзінде елімізді көгалдандыру бағдарламасына ерекше тоқталды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2025 жылға дейін 2 миллиард ағаш отырғызылады. Бұл бастама – халықаралық резонанс тудырған, шын мәнінде ауқымды ұлттық жобаға айналады. Осы үндеуге атсалыса отырып Қарсақбай кентінде аты тарихта қалған бабамыз Қарсақбай Айтбекұлының бұрынғы қыстауы орналасқан жердегі ескерткіш-белгінің жанына ұрпақтары ХХІ ғасырдың 21 жылы, 21 қазанда арнайы тапсырыспен жеткізілген ағаш көшеттерін отырғызды.

Бұл іс-шара тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы мерекесінің қарсаңында ұйымдастырылып отырған ізгі ниетті шара болып табылады. Бұл бастамаға Қарсақбай бабамыздың ұрпақтары Жезқазған, Сәтбаев қалаларынан, Жезді кентінен арнайы келіп атсалысты. Іс-шараны Қарсақбай кентінің тұрғындары мен мекеме басшылары, тарихи тұлға ұрпақтары жиналған жиынды музей ісінің және еңбек ардагері Рүстем Төрегелдин құттықтау сөзімен ашып берді. Одан кейін сөз алған кент әкімі Аян Абжамалов бұл шараның өте маңызды екенін айта келіп, кентті көгалдандыруға ат салысушыларға рахметін жеткізді. Бастаманы құптап, қолдаушылар атынан завод директоры Мұрат Майкенов, өлкетанушы, Тоңболат Мұқанов, Қарсақбайдың ұрпақтары атынан ауыл ақсақалы Мұхамеджан Әбілдинов, Қ.Сәтбаев Музей-үйінің меңгерушісі Дүйсенбай Барекенов сөз сөйледі. Қарсақбай кентінің бас имамы Өмірзақ Бозаев құран бағыштады. Игі тілектерден кейін жұртшылық арнайы әкелінген терек көшеттерін отырғызуға кірісті. Көшеттердің ішінде М.Төрегелдин атындағы Жезді музейінен әкелінген үш түп ақ терек ағашының көшеттері де бар. Оны музей қызметкерлері арнайы келіп отырғызды.

Қарсақбай бабамыздың ұрпақтары ұйытқы болған бұл экологиялық іс-шара жас буынды еңбекке, тазалыққа байлып қана қоймай кентіміздің экологиясын жақсартуға да ықпал етері сөзсіз.

«Ағаш ек, гүл ек – туған жерді түлет» демекші, егілген ағаштардың темірден жасалған қоршауы да әдемілігімен көз тартады. Келешекте бұл көшеттер жайқалып өсіп тұрса, заводқа қарай өтетін көмірдің сол жағалауындағы Егізтөбенің (Қарсақбай ашасы) етегі көк желегімен көз тартатын әдемі демалыс орын болары сөзсіз. Егілген көшеттердің келер көктемде көктеп шығуына көңіл бөлу алдағы үлкен мақсат. Іс-шара соңынан Қарсақбай бабамызға бағышталып құран оқылып, дәм берілді.

Мұхит УАТАЕВ,

М.Төрегелдин атындағы Жезді кентіндегі тау-кен және балқыту ісі тарихы музейінің әдіскері.