Қ.Сәтбаев және алғашқы барлау ұйымы

 

1926 жыл. Ескі мен жаңаның текетіресі әлі аяқталмаған, болашақ Қазақ Кеңес Республикасы тарихының жаңа парағы ашылған күрделі кезең. Ағылшын кәсіпкерлеріне 30 жылға жалға беріліп, іргетасы қаланған мыс заводы, Жезқазғанның мыс, Байқоңырдың көмір шахталары заты «халықтікі» болып қайта құрылғанмен толыққанды өндіріс деп айтуға келмейтін жағдайда еді. ВЧК мен Халық шаруашылығы кеңесі ағылшындар ауыр азаппен бетпақдалаға жеткізген техникалық жабдықтарды Оралға жеткізіп, өндірісті сонда орналастыру жөнінде шешім де шығарғаны тарихтан белгілі. Бірақ 1925 жылы Еңбек және Қорғаныс кеңесі «Қарсақбай мемлекеттік мыс қорыту комбинатын салу жөнінде» оң шешім қабылдады. Болашақ заводтың  барланған қоры қанша еді? Ағылшындардан қалған есеп бойынша 67 мың тонна, яғни олар жоспарлаған өндірісті 12 жыл шикізатпен қамтамасыз етеді, құнары 10-15 %. Қарсақбай мен Жезқазғанның бағына  тағдыр Қ.Сәтбаевты сыйлады. 27 жасар жас геолог ағылшын инженерлерінің, Одақтық гелкомның мыс қоры жөніндегі болжамын бір-ақ жылда жоққа шығарды. 1927 жылы ол Жезқазғанның кен байлығы Америкадағы ірі мыс ошақтарынан да асып түсетінін батыл жариялады. Қ.Сәтбаев бұл жылдары Мәскеуден басқарылатын «Атбасцветмет» тресінің басқарма мүшесі және геологиялық бөлімін басқарды. «Қазақстан халық шаруашылығы» журналында «Қарсақбай ауданы және оның болашағы» мақаласы жарық көріп, қазақ геологының білімі мен болжағыштығы, аналитикалық зердесі ғылыми ортаны елең еткізді. Геологтың Ұлытау – Жезқазған аймағының пайдалы қазбалары жөніндегі ең алғашқы мақаласы өлкенің пайдалы қазбалары, болашақ индустриалдық дамуға негіз болатын тау – кен базасы жөнінде алғашқы толыққанды геологиялық еңбек еді.

 

«Жезқазған жалғыз Қазақстан емес, бүкіл Кеңес Одағының жеріндегі мыс кендерінің ең көлемдісі. Жезқазған кенінің жеке өзінің ауданы 100 шаршы шақырымдай бар. Кендердің қазірге дейін бұрғылаумен зерттелген көлемі небәрі 90 сотық. Осы 90 сотық жердегі бар кеннің мөлшері 86 метр шамасы, одан 1700000 пұт таза мыс алынбақ. Ал болжаулы шамасы – 2500000 пұт», - деп жазады геолог аталмыш мақаласында. Жезқазған – Ұлытау аймағына қызметке келген соң екі жылдан кейін Қ.Сәтбаев отбасымен Қарсақбайға көшіп келіп, 1929 ж. Қарсақбай мыс комбинатының геологиялық барлау бөлімін қолына алды. Бұл бөлім Қазақстандағы ең тұңғыш геологиялық барлау мекемесі болатын. Сәтбаевқа дейін Қазақстанды геологиялық жағынанан зерттеуді Бүкілодақтық геологиялық комитет атқарып келді. Күрделі зерттеулерге мүлдем қаржы бөлінбеді. Жезқазған-Қарсақбай аймағына келген небары 3 жылда Қазақстанның дербес геологиялық мекемесін ұйымдастыруға қол жеткізді. «1929 жылы  Қазақстанның геологиялық тұңғыш тұрақты ұйымы – Қарсақбай комбинатының геологиялық барлау бөлімі құрылды. Бұл бөлім Жезқазғанның және осы аймақтың геологиялық жағдайы мен минералдық байлығын жоспарлы түрде, комплексті зерттеу мәселесін алғашқы кездің өзінен-ақ мықтап қолға алды»,- деп жазды Қ.И.Сәтбаев. (Қазақстан – менің Отаным. 1999 ж. 91 б.) Осы шағын ұйым Москва мен Ленинградтың геологтарымен , ғылыми мекемелерімен, өндіріс орындарымен тығыз ынтымақта жұмыс атқарды. Кейіннен бұл кеңсе Жезқазған комплексті геологиялық –барлау экспедициясы аталды.

 

Қарсақбайда құрылған алғашқы дербес барлау мекемесінің алдында геологиялық барлау жұмыстарын ұйымдастырудың орасан үлкен міндеттері тұрды. Ең бастысы бұрғылаушылар, геологтар, техник қызметкерлер секілді негізгі кадрларды даярлау және баспанамен қамтамасыз ету. Бұрғылау қондырғыларын үздіксіз сумен жабдықтаудың өзі үлкен күшпен атқарылды. Геологиялық бөлімнің бастығы ең бірінші кезекте аудан тұрғындарының есебінен барлау мамандарын даярлауды қолға алды. Жезқазған, Қарсақбай аймақтағы алғашқы индустрия орталығы болғандықтан шекаралас өңірлерден жұмысшылар легі толастамады. Уақытша жұмысқа келген жоғары, арнаулы орта білімді мамандар жергілікті тұрғындарды қыр қазағы үшін беймәлім кәсіпке үйретті. Сауатсыздықты жою мектептері, ФЗУ курстарында  бұрғылау шеберлері, коллекторлар, лаборанттар, жөндеушілер, қатардағы жұмысшылар даярлайтын бөлімдер ашылды.  Сөйтіп, 1929 жылы – 10 станок, 1931 жылы -15, 1932 жылы – 20 станок жұмыс істеді. Комбинаттың отын көзі Байқоңыр мен Қияқтыда көмір қорын барлауға 7 бұрғылау станоктары пайдаланылды. (С.Қожамсейітов. Қарашаңырақ Қарсақбай. 2008 ж. 33 бет)

 

1933 жылы Жезқазғанның жер қойнауын барлаушылар қатарында 700 адам еңбек етті. 1937 ж. мыс қоры 3 млн тоннадан асты. Ұлы ғалым Қарсақбайдан аттанар тұста барланған  мыс қорын 5 млн-ға жеткізді. Және бұл аймақты кешенді игеру, жер қыртысының терең қабаттарын тиянақты зерттеуді шәкірттеріне тапсырды.

 

Қ.И.Сәтбаев жетекшілік жасаған барлау мекемесінің аймақтың пайдалы қазбаларын жан – жақты зерттеуі нәтижесінде болашақ Үлкен Жезқазғанның құрылысына қажетті құрылыс материалдары – гипс, извест, доломит, балшық, қиыршық тас т.с.с. мол қоры табылды. Геологиялық барлау кеңсесінің жанынан минераграфиялық, петрографиялық, микрофото, аналитикалық химия, топырақ, құрылыс материалдарын, тағы басқаларды талдайтын зертханалар, шеберханалар бар, қуатты ғылыми – зерттеу секторы жұмыс істеп жатты. «Мен Жезқазғанда көп жылдық еңбек өтілі бар геологтар басқарған ұйымшыл және әлеуетті геологиялық барлаушылар ұжымын қалдырдым, - деп жазды Қ.Сәтбаев 1952 жылы 20 қаңтарда – Қазыналы аймақтың барланған мыс қоры сол кездің өзінде 5 млн. тоннадан асты. Жылдан – жылға қарқын қосқан геологиялық барлаушылардың жерасты байлығын зерттеуге кешенді қарауы керек болады».  Жезқазған – Ұлытау аймағын барлаушылар ұжымы 1940 жылдары үлкен табысқа жетті. Жезқазған кенінде 1940 жылы табылған мыстың запасы бұған дейінгі барлық запастың 25,5 пайызына жетті. «Табысқа жетудің ең негізгі шарты – барлаушылар коллективінің ұйымшылдығы, еңбек тәртібінің беріктігі, жұмысшылардың бір орнында тұрақты істеуі болды. Бұрғы мастерлерінің 90 проценті жергілікті жердің өзінде даярланған. Жезқазғанда 5 – 10 жылдан бері істейтін қазақ кадрлары. Олар өз істерінің мамандары». (Соц. Қазақстан.1941 жыл, 23 сәуір)

 

Барлаушылар геологиялық барлау қызметінің техникасын жетілдіру, өнертапқыштық арқасында нәтижеге жетті. Олар жаңалықты тез арада өндіріске енгізіп отырды. 1930 жылдары қысқы барлауда киіз үйді пайдаланудың өзі еңбек өнімділігін 4 – 5 есеге арттырды.

 

Қ.И.Сәтбаев отбасымен Қарсақбайда тұрған үй және Қазақстандағы ең алғашқы барлау мекемесінің кеңсесі бүгінде ғалымның Музей-үйі аталады. 1969 жылы ашылып, өңір халқының қастерлі шаңырағына айналған. Қ.Сәтбаевтың айтқаны келіп отбасы Қарсақбаймен қимай қаштасты. Бұл жөнінде кейін Т.А.Кошкина-Сәтбаеваның естелігінде өте әсерлі баяндалды. «Қошатасарда... көзімнен мөлт-мөлт төгілген жасқа ие бола алмай отырмын» - дейді Таисия Алексеевна. Қарсақбайдағы қарапайым шаңырақта ұлы ғалымның ізденіске толы ең шуақты өмірі өтті. Тамаша достар тапты және ғылымның сан-саласындағы ұшан-теңіз еңбегінің негізі қаланды. Табиғатынан көпшіл, асқан мәдениетті, ғылымның сан-саласынан ұшан-теңіз Қ.Имантайұлы барлық жағынан өнеге болды. Ғалымның Музей-үйі кішігірім 5 залдан тұрады. 3 мыңға жуық жәдігерлер қоры ұлы тұлғаның отбасы және зайыбы Т.А.Кошкинаның, әке жолын қуған қызы М.Қ.Сәтбаеваның қамқорлығымен жинақталған.

 

Зейпін Қазанбаева,

Жезді кентіндегі Мәкен Төрегелдин атындағы 

тау-кен және балқыту ісі тарихы музейінің басшысы.

Суреттерде:

  1. Қ.Сәтбаев Атбастүстіметалл тресі басқарма мүшелерімен. 1927 ж.
  2. Комбинаттың бас геологы Қ.Сәтбаев жұмыс кабинетінде. 1930 ж.
  3. Жезқазған барлаушылары.
  4. Тұңғыш барлау кеңсесінде ескерткіш тақтаның ашылуы. 2018 ж.