12 сәуір – ак. Қ.Сәтбаевтың туған күні

ҰЛЫ ТҰЛҒАНЫҢ ІЗБАСАРЫ

Қарсақбай кентінде қазақтың ұлы перзенті, ұлттық ғылым ордасының іргесін қалаушы, академик Қ.И.Сәтбаевтың Музей – үйі бар. Қаныш Сәтбаев 1929 – 1941 ж.ж. отбасымен тұрған киелі шаңырақ. Ұлы ғалымның геология саласындағы ізбасары Мейіз Қанышқызы 1931 жылы осында дүниеге келген. Ак. Қ.Сәтбаев Музей – үйінде 30 жылға таяу меңгеруші болған еңбек ардагері В.А.Машинскаямен әңгімелескен едік.

  • Валенитина Афанасьевна, Мейіз Қанышқызымен  алғашқы  таныстығыңыз  қашан басталды?
  • Мейіз  Қанышқызы  туралы көп  айтуға болады. Алғашқы  таныстығымыз  1990 – шы жылдары болды.  «Геолог-ғалым, геология-минералогия ғылымының  докторы, жоғары  дәрежелі тұлға  Қарсақбайға  қонақ болып келеді»   дегенді  естігенде қатты  қобалжыдым. Кездесу  осы музейде болды. Мейіз  Қанышқызы  менің  қатты қобалжып тұрғанымды  байқап  қалды. Қасыма  ақырын келіп, иығыма  қолын  салып «Неге  қорқып тұрсың?»- деді. Мен «Жоқ, қорыққан жоқпын, менде бәрі жақсы» - деп  әзілге  айналдырдым. Ол кісі  маған  анамдай  мейіріммен қарап «Мен сені енді Валечка  деп атайтын боламын», - деді. Ұзақ  уақыт  бойы  мені  ресми  түрде  Валентина  Афанасьевна  емес, Валечка  деп атап кетті. Біз бір жыл ғана емес, өмір бойы бір – бірімізді  танитын сияқты  болдық. Мейіз  Қанышқызы  өзінің  қарапайымдылығымен  баурап алатын. Ол Қарсақбайға  бір емес, бірнеше рет келіп жүрді.

 

  • Ол кісі Қарсақбайды ерекше жақсы көрді. Тіпті осы жерде өзін балаша сезінетін.
  • Иә, ол Қарсақбайды өте жақсы  көрді. Өйткені Қарсақбай туған жері. Балалық шағы осы жерде өтті. Ол өзінің мектебі туралы, ұстаздары туралы, достары туралы көп айтатын. Әкесі Қаныш Сәтбаев қазақтан шыққан тұңғыш академик, Үлкен Жезқазғанға жол ашқан ұлы ғалым, дара тұлға еді ғой. Мейіз Қанышқызы көбінесе мезгілдің жылы маусымында келетін. Саябақтағы жасыл желек саясында, көл жағасының саумал таза ауасында серуендегенді ұнататын. Әр нәрсеге балаша риясыз қуанатын. Суға түскенді жақсы көретін. «Мейіз Қанышқызы суға түсуге болмайды, күн суық» десең «Ең болмаса аяғымды суға салайыншы» деп бой бермейтін.

1928 жылы сол кезде одаққа танымал журналист Н.Ф.Погодин Қарсақбайға келгенін тарихтан білеміз. Ол енді салынып жатқан болашақ мыс ошағының объектілерін, ондағы адамдардың жанкешті еңбегін көріп таң қалады. Мейіз Қанышқызы Н.Погодиннің «Карсакпай – богом забытое место» деген сөзін жиі еске алатын. Өте ауыр теңеу. Бірақ орталықтан шалғайда, жолсыз, қатынассыз аймақта өндіріс салудың өте қиын жағдайда жүргенін осыдан аңғаруға болады. Комбинаттың бас геологының үйінде күнделікті жағатын отын да болмайтын. Даңқты геолог әкесі бола тұра үй жылытып, ас – су пісіруге көршіден көмір сұрайтын. Жолдың қарсы бетінде көрші тұратын ағылшын инженерінің үй қызметшісі Қаныш Имантайұлының екі шелегін отынға толтырып, үйге әкеліп бергенін жиі еске алатын. 1931 – 32 жылдар, өте ауыр уақыт. Осындай қиын естеліктерге қарамастан Мейіз Қанышқызы Қарсақбайын ерекше жақсы көрді. «Сол кезеңдерде қандай қиын болған. Бірақ адамдар өмір сүрген, күрескен ғой» деп күрсінетін. Мейіз Қанышқызы Қарсақбайды « балалық шағымның астанасы» деп атайтын. Осы бір мейірімді сөз саябақтың  кіреберісінде кешегі күндерге дейін жазылып тұрды.

 

  • Музейге қызметке қалай келдіңіз?
  • Иә, ол бір қызық оқиға. Қарсақбайға мен 1969 жылы келдім. Жасым 19-ға жетпеген бойжеткен шағым. Медучилищені бітіріп, акушер мамандығы бойынша осындағы ауруханада еңбек жолымды бастадым. Сол кездегі балабақша меңгерушісі Сара Бұқабаевадан жұмыс сұрадым. Ол кісі балабақшаға тәрбиешілік және медбикелік жұмысқа шақырды. Балабақшада 10 жылдай еңбек еттім.

            1987 жылы сәуір айында  Сара Бұқабаева шақырып алып, «Сені Қарсақбай  металлургия  зауытының  директоры  Қадыр Маткенов  шақырып  жатыр» деді. Басқармаға  бара жатқан жолда «Неге шақырды екен?» - деген  ойлар мазалады. Келсем, Қадыр Маткенов «Музейде орын бар, соған  жұмысқа тұруды ұсынамын» деді. Мен үшін музей жұмысы  жаңа  бастама еді,ойланып қалдым.  Директор «Ойлан, жұмыс  жасап көр, қолыңнан келмесе қайтып  балабақшаңа  барасың» деді. Содан мен музейге жұмысқа  тұрып кеттім. Бір орында 2015 жылға дейін, 28 жыл қызмет еттім. Өкінбеймін. Жаңа  адамдармен таныстым. Музей жұмысына Жезді тау-кен және балқыту ісі тарихы мұражайының директоры Мәкен Төрегелдин,Қарсақбай металлургия зауытының директоры Қадыр  Маткенов көп көмектесті. Алғашқыда музей Қарсақбай металлургия зауытына  қарады, кейіннен  М.Төрегелдин негізін қалаған тау – кен және балқыту ісі тарихы мұражайының  құрамына жеке бөлім болып өтті.

  • Мейіз  Қанышқызының  есте  қалған  жеке  қасиеттерін  әңгімелеп  берсеңіз.

            - Ұлы Абайдың «Қара сөздерінде» мейірім жөнінде тамаша қағидалар бар емес пе. Барлық  жақсы қасиеттер: адамзатты  сүю, бөтен  біреудің  қайғысына  ортақтасу, жақындарына  және бөгде  адамдарға  қол ұшын  беріп, көмек көрсету  үлкен мейірімді жүректен  туады.  Міне, осындай  мейірімді  жүректі  адамдар - Қаныш Сәтбаев, Таисия  Алексеевна еді. Осындай  жақсы қасиеттерді  М.Қанышқызы  ата – анасының  тәрбиесінен  сіңірген  деп есептеймін. Мейіз  Қарсақбай  тұрғындарын  қатты  жақсы  көретін. Келген сайын «Қарсақбайдан  адамдар  көшіп  кетіп  жатқан жоқ па?» - деп сұрап  қоятын. Мен «Жоқ»,- деп жауап  беретінмін. Ол өте қуанатын.Мейіз Қанышқызы келген сайын  зауыт  басқармасына  Қадыр Маткеновке  амандасып, әңгімелесіп,  Қарсақбай  тұрғындарының  хал – жағдайын  сұрап  отыратын. Біздің заманда  тұрақтылық болды. Осының өзі болашаққа сенім ұялататын.

 

-  12 сәуір – бұл  сіз үшін  қандай мереке?

            12 сәуір – үлкен  мереке, ғылым мерекесі, Қазақстанның   жетістігі, халық мерекесі  және  менің мерекем. Менің өмірім, көзқарасыма сәуле берген Ұлы тұлғаның туған күні. Мен  тағдырыма  ризамын.   Қаныш Имантайұлының  музей  - үйінде  жұмыс  жасаған  уақытымда   көптеген   ұлы  тұлғалармен  таныс болдым. Қ.И.Сәтбаевтың  өмірі, оның  ғылымдағы  қалыптасу  жылдарымен таныстым. Ең бастасы ұлы тұлғаның ізбасары Мейіз Қанышқызымен  өте  жақын  таныс болған   тағдырыма  қатты ризамын. Қаныш Имантайұлы  біздің   аймақтың дамуына  көп еңбек  сіңірді. Қ.И.Сәтбаев   Қазақстан  халқының  мәңгі есінде  қалады. Бұндай  адамдар  жүз жылда  бір  рет қана  өмірге  келеді. Ол Қазақстан  үшін  көп еңбек  атқарды, адамдар  үшін  көп қызмет  атқарды, елін, жерін  сүйді. Ол – патриот, ол кісінің  аты  Алтын әріптермен  жазылған. Мейіз Қанышқызы  да сондай мейірімді, кең  жүректі  адам еді. Қолынан келген көмегін  аямайтын. Менің  жүрегімде  алтын  адам ретінде  орын  алды. Айта кету керек, биыл Қарсақбайдың тумасы, даңқты әкенің ізбасары Мейіз Қанышқызының туғанына 90 жыл. Ал, Қарсақбайдағы орта мектепті бітірген, Сәтбаевтар әулетінің тұңғыш перзенті, Мед.ғ.д. профессор Ханиса Қанышқызының туғанына 100 жыл. Қаныш Имантайұлының үш перзенті де ғылым докторы. Шәмшиябану айтқандай шын мәнінде «Сәулелі әулет».

 

 

Әңгімені жазып алған

Д.Бәрекенов,

ак. Қ.Сәтбаев Музей – үйінің меңгерушісі.

 

 

Суреттерде:

  1. Геолог ғалым М.Қ.Сәтбаева жасанды көл жағасында. Қарсақбай 1999 ж.
  2. М.Қ.Сәтбаева әке шаңырағында.