«Сарыарқаға» 

 

Үзілмеген наурыз дәстүр

 

         Жезді кентіндегі Мәкен Төрегелдин атындағы  тау-кен және балқыту ісі тарихы музейінде жергілікті ұсталар мен теміршілер, зергерлердің біршама дүниелері, бүгінгі таңда ұмытыла бастаған құрал-жабдықтары сақталған. Этнографиялық жәдігерлердің басқа жинақтамалардан бір ерекшелігі, олар – белгілі бір кезең, сол кезеңдегі тарихи оқиға , аңыз, әфсана, тұрмыс-салт мәденитімен қатар бұйымның иесі немесе жасаушысы жөнінде бірден-бір дереккөз болып табылады. 2012 жылдан бері Наурыз мерекесі қарсаңында музейде «Алтын тамыр» айлығы өткізіледі. Бір ай бойы халқымыздың қолөнері, қолданбалы өнері мен дәстүрлері, бұрынғы және қазіргі заманауи шеберлердің туындылары көрмеге қойылып, таныстырылады. Көрме экспонаттарының ішіндегі ең кәделісі және айтары көп дүние – бұзау терісімен капталып, бетіне ою - өрнек бедерленген жағлан - сандық. Кез - келген музейде мұндай тұрмыстық жиһаздың әлдеқайда көркем, сән-салтанаты келіскен түрлері баршылық. Дегенмен, борсеңгірлік Данияр ұстаның тері сандығының ешкімге ұқсамайтын, қазақстанның ешбір ауылында кездеспейтін құпиясы бар. Осынау ескі жағланды Данияр ұста әулетінің жүз жылға таяу уақыт сақталып келе жатқан мызғымас дәстүрінің алтын сандығы деуге болады.Ол жайлы кейінірек. Әзірше, музейдің этнографиялық көрмелерінің төрінен орын алған тұтас бұзау терісімен қапталған сандықтың авторы Данияр Кәрібайұлы жайлы білгеніңіз артық болмас.

         Қарағанды облысы, Ұлытау ауданының оңтүстік-шығысында Борсеңгір деген ауыл бар. Данияр Кәрібайұлы осы ауылдың «Сарықамыс» мекенінде  1873 жылы дүниеге келген. Нағашысы Наурызбай қалпеден ескіше хат танып, діни білім алады. Нағашысы мешіт ұстаған, діндар, көріпкел, өзі ұста, шебер үйші болса керек. Сол төңірекке белгілі Құлыбек бай көзі тірі кезінде Наурызбай қалпеге өзіне арнап сағана салдыруға өтініш білдіреді. Данияр Кәрібайұлының 25-тердегі кезі болса керек. Сағана құрылысына Данияр ұста үйренуші шебер ретінде қатысып, қолын жаттықтырады. Біршама уақыт өткенде сәулет өнеріне әбден машықтанып, бүрмелі кесене, күмбезді құрылыс салудың шебері болады. Ел аузында Данияр ұстаның көршілес тама руының ауқатты мырзасы Тасыбайдың тамын салу тарихы көп айтылады. Шамаса жас шебердің атағы ауылдан асып таралуына осы оқиға себеп болса керек. Тасыбайдың бәйбішесі «Найманнан шыққан бір шебер бар екен. Соны тауып әкеліңдер» деп хабар таратады. Тама елінің ақсақалдары шебердің жас екенін көріп сенімсіздік танытады. Бірақ бай бәйбішесі жас шеберге сенім артып, бейіттің құрылысы басталады. Нәтижесінде Данияр сәулетшінің жұмысына дүйім ел риза болып, бай бәйбішесі «Төрт түліктен қалағанынды ал. Оны айдап әкететін ауылыңнан бауырларыңды шақыр» деген екен. Сәулетшінің қолының табы қалған монументалды ескерткіштер Сарысу, Борсеңгір, Теректі,      Жыланды төңірегінде осы уақытқа дейін сақталған.

         Данияр ұстаның Қазақстан сәулет өнеріндегі орны мен өзіндік қолтаңбасына алғаш баға берген академик Ә.Марғұлан болатын. Белгілі археолог, шығыстанушы далалық экпедициялармен Борсеңгір ауылында 1952-1967 ж. ж аралығында үш мәрте болады. Данияр ұстаны ғалым өзі іздеп келіп жолығады. Шебердің кірпіш күйдіру және оны қалыптау технологиясының ерекшелектеріне назар аударады. 1986 жылы тұңғыш басылған «Қазақстаның қолданбалы өнері» альбом- энциклопедиясына Д.Кәрібайұлының суретін жариялап, «Жезқазған облысында тұратын халық сәулетшісі» деген анықтама береді. Егер Ә.Марғұлан болмаса Данияр ұстаның тарихта суреті де сақталмас еді.

         Баласы Шамбыл Данияровтың естелігінен:-  Әлі есімде, әкейдің малдан келген беті, күн қатты жел болатын. Көнетоз сырма шапанын желбегей жамылған күйде суретке басып алды. Ол кісі еш уақытта суретке түспеген. Кейін 1971 жылы Алматыдан тағы экспедиция келді. Құрамында 6 адам бар, оның біреуі өнертанушы ғалым екен. Олар ауыл клубында жатып әкемнің қолөнерімен арнайы танысты. Әкей үйдің жасау, жиһаздарына дейін өз қолымен жасайтын. Барлығын суретке түсірді. Экспедицияны Ә.Марғұлан арнайы жіберіпті. Мамандардың кірпіш кұю өнері жөнінде сұрақтары бар екен. Әкейдің жасы 95-тен асқан, сырқаттанып, ол кісілермен тілдесе алмады. Әкем сол жылы қайтыс болды.

         Д.Кәрібайұлының сәулетшілігімен қатар ұста, зергерлігі, етікші, тіпті тігіншілігі осы төңіректің халқына ертеден таныс. Ол кісі жейдесінен бастап сырт киіміне дейін дүкеннен сатып алмай, өзі тігіп киген. Жасы ұлғайған шағының өзінде колхоз, совхоздың ұстасы болып, шаруашылыққа қажетті бұйымдарды өз шеберханасында жасап беріп отырған. Ат-көліктің жабдықтарынан бастап арбаның жетегіне дейін Данияр ұстаның қолынан өтіп, суармалы егісітікке шығыр да жасаған. Арбаның жетегі жиі істен шыға берген соң жетекке қосымша иін ойлап тауып, арба айдаушы ауылдастарының бейнетін жеңілдеткен екен.

         Ал жоғарыда әңгімеге арқау болған жағлан-сандық Данияр ұстаның қолынан шыққан үй-тұрмыстық бұйымдардың ең бағалысы. Д.Кәрібайұлы арнайы тапсырыспен қалыңдық жасауын жасайтын санаулы шеберлердің бірі. Жасау тізіміне зергерлік әшекейлер, үй-тұрмыс жабдықтарымен қатар, ұзатылатын қыздың оқалы бешпент, құндыз бөркіне дейін кірген. Тігіншілігі кейбір ісмерлерден кем болмаған. Бұзау терісімен қапталған сандық бәйбішесі Жұмаділдә анамыздың жасауымен келген. Демек, шебер өзінің қалыңдығының жасауын өзі жасаған. Сандық Данияр әулетінің ең алғашқы бұйымы болуымен қатар, осы шаңырақтағы жүз жылға таяу үзілмей келе жатқан ғажайып дәстүр – Наурыз Көженің куәгері. Бұл әулеттің міне төртінші буыны атадан қалған осынау қастерлі үрдісті сақтап, жыл сайын наурыздың 18 жаңасында бүкіл ауылға, алыс - жақын ағайын – туысқа наурыз көже береді. Бүкіл ауыл Данияровтар әулетінің наурыз көжесіне арнайы шақыртусыз келеді. Және шама келсе бұл күнге ауылда ешқандай жиын - той, көпшілік басқосу жоспарланбайды.

         Данияр ұстаның келіні, бүгінде жасы 85-ке келген Рахия шешейдің әңгімесінен: - Осы әулетке келін болып түскелі 60 жылдан асты. Ол кезде атам 82 жаста еді. Үлкендердің айтуына қарағанда 1932 жылы ғана наурыз көже бере алмапты. Соның өзінде қазан көтеріп, қара су қайнатып, ауыл – үй болып қаптың түбін қағып, көп көже берген екен. Наурыздың қамын біздің үйдің келіндері қыс басталмай тұрып ойлаймыз. Бір мал арнайы сойылып, сүрленеді. Наурыз дастарханының құрт, майы қарынға бөлек жиналады. Әлгі қарын 18 наурызда ғана ашылады. Есіктің алдына он қазанға дейін қойып, көп көже пісіреміз. Қазір бұл тәрбиенің бәрін келіндер атқарып жүр. Менікі жөн сілтеу ғана. Атамыз ерен аруақты кісі еді. Діни кітаптардан оқығанын балаларға ертегіге айналдырып айтып отыратын. Әулетімізде сақталып келе жатқан заттарын дәретсіз ұстаған емеспін. Көзіммен көрдім, құран аударғанда, қатым құран түсіргенде, тәуліктеп нәр татпай, оңаша отыратын. Ара-арасында қорытылған май ұрттайды. Құлап қалмас па екен деп уайымдайтынмын. Емшілігі, көріпкелдігі өз алдына бөлек әңгіме. Атамнан қалған ағаш тостаған бар. Наурыз күні бала-шаға, немере-шөберелерге дейін сол тостағаннан көп көже ішеді. «Осы сендердікі жыл сайын не әурешілік» дейтіндер де бар. Осы әулеттің өсіп-өркендеуі, балалардың ел ішінде абыройлы, беделді болуы көптің берген батасына байланысты екеніне сенемін. Қарашаңырақтың қадірлі дәстүрін ертеңгі күні немере, шөбере келіндерім жалғастыратын болады.

         Ия, наурыз тілек, наурыз бата сөзсіз қабыл болады. Данияр ұстадан тараған екі ұл, екі қыз бүгінде бір қауым ел болып отыр. Барлығы да қарашаңырақтың наурыз көжесін осы әулеттің ең басты мерекесі деп біледі. Данияр ұстаның үлкен ұлы Наушарбан Данияров Ұлы Отан соғысының ардагері, осы төңіректе ұжымшарлар ұйымдастыруға белсене қатысқан белгілі тұлға. Ал, Шамбыл Данияров «Қазақ ССР білім беру ісінің үздігі», Борсеңгір селолық кеңесін ұзақ жыл басқарған, ауыл экономикасына сіңірген еңбегі үшін «Ұлытау ауданының құрметті азаматы» атағын алған ардагер. Олардың көзі кеткенмен атадан қалған дәстүр, тәрбие жарасымды жалғасып келеді. Қарашаңырақ бұл әулеттің киелі мекені, тамаша дәстүрдің алтын сандығы болып қала бермек.

         ...Қыстың көбесін сөгіп, наурыз айы туды. Таң енді білінген, алакеуім шақ. Рахия шешей қарашаңырақтың төрінде, ең құрметті жерде ілулі тұрған атасының көрігіне иіліп сәлем берді. Күндегі әдеті. Төрге ұмтыла түсіп, әлденеге құлақ түрді. Күн мен түн теңелген сәт аллаға ғана аян. Бірақ мына көріктің көмейінен наурызда бір  «уіл»  еститіні өзіне белгілі. Сол  сәтті күтіп жүр. Жалғыз ғана тілегі бар: «Жаңа жыл жарылқай гөр!»  Қандай қарапайым, шуақты тілек. Қабыл болғай.

 

 

 

 

 

Суреттер:

  1. Д.Кәрібайұлы коллекциясының көрмесі. Борсеңгір ауылы.
  2. Наурыз дәстүрінің шырақшысы Р.Бірмағанбетова.
  3. Данияр ұстаның төрт буын ұрпақтары.