Бәрменбай Қорғанбаев 1885 жылы Ақмола облысы, Атбасар уезі, Лениншіл жас колхозы, Қарабұлақ ауылында дүниеге келген.  Ұлытау, Жезқазған өңіріне белгілі зергер, темірден түйін түйген ұста. Ел адамдарының айтуына қарағанда Бәрменбайға ұсталық 18 жасында қонған.

Халықтың ежелгі дәстүрлі өнерін меңгерген зергердің атағы аймағымыздан асып Есіл бойы, Атбасар, Ақмола, Көкшетау жұртшылығына мәлім болған. Оның қолынан шыққан зергерлік бұйымдар қалыңдықтар жасауының салтанатын асырып, ат әбзелдері сәйгүліктердің бағасын өсіріп, ерекше өнер туындысы ретінде бағаланған. Тіпті арнайы тапсырыс  берушілер зергер, ұстаның жағдайын жасап, ауылдарына қалап алып кетіп отырған. Бәрменбай Қорғанбаевтың ел ішінде  танымал болғандығы сондай,  80-нен асқан шағында Қазақстанның 50 жылдығына орай Қарағанды қаласында өткен зергерлер мен қолданбалы өнер шеберлерінің көрмесіне қатысқан. Осы көрмеде ІІ дәрежелі Қызыл дипломмен марапатталған.

Аймаққа  белгілі зергердің құнды мұрасы – артында қалған құрал-саймандарын келіні Кенжесары Жүсіпова 1998 жылы Жезді кентіндегі тау-кен және балқыту ісі тарихы музейіне тапсырған. Музей қорындағы Бәрменбай ұста коллекциясы 173 бірлікті құрайды. Музейде Б.Қорғанбаевтың шығармашылығына арналған экспозициялық комплекс бар. Қазіргі заманғы ұсталық кәсіпте ұмытыла бастаған бірқатар құрал, аспаптар –бірегей этнографиялық құндылықтар болып табылады.

Наурыз айында музейде  «Алтын тамыр» этнографиялық айлығы шеңберінде  халық шебері, зергер, ұста Бәрменбай Қорғанбаевтың туғанына 135 жыл толуына орай «Темір илеген білек...» тақырыбында жаңа көрме ұйымдастырылды.  Көрмеге ұста-зергер Б.Қорғанбаевтың қолынан шыққан  дүниелері: жез шәйнектер, мосы, мес, кісе, құйысқан, ұстаның құралдары: төс, балға, қысқаш, түрлі құйма қалыптар  секілді көптеген жәдігерлер қойылды.