24 қаңтар күні №6 Жезді ЖОББМБТ(РО) КММ «Мұрагер» өлкетану музейі мен М.Төрегелдин атындағы тау-кен және балқыту ісі тарихы музейінің ұйымдастыруымен «Жергілікті ақын –жазушылар» тақырыбында лекция-сабақ өткізілді. Сабаққа 8 сынып оқушылары, сынып жетекшісі Аманкүл Байғорина, мектеп музейінің меңгерушісі Г.Абылаева қатысты.
Сабақтың мақсаты оқушыларды Жезді кентінің көшелеріне есімі берілген ақын-жазушылардың өмірбаяны, шығармашылығымен таныстырып, оқушылар санасына туған жердің тарихы, Отанды сүю, Отан алдындағы борыш деген асыл ұғымдарды сіңіре отырып ерлік іске, жауапкершілікке, патриотизмге баулу болды. Лекция-сабақ Абай Құнанбайұлының 175 жылдығымен байланыстырылып, Абайдың ғұлама-ойшылдығы, ағартушылығы, ақындық өлеңдері мен қарасөздері туралы әңгімеленді.
Жезді кентіндегі көшелердің біріне есімі берілген ақындардың бірі Абай Құнанбайұлының замандасы Қожабай Тоқсанбайұлы. Музей әдіскері М.Уатаев Қожабайдың айтыскер ақындығы, жазба әдебиетіне қосқан үлесі туралы айтып, Қожабайдың ұрпағы Болман ақынның өмір жолы мен шығармашылығына қатысты қызықты мәліметтермен бөлісті. Болман Қожабайұлы Жезді, Қарсақбай, Жезқазған туралы тебірентіп өлең жазған ақын. Жезді кентінде Ұлытаудың қос қыраны атанған жалынды жауынгер, жазушы батыр Баубек Бұлқышев пен жазушы-журналист Мұқан Иманжановтың есімі берілген көшелер бар. Баубектің жазушылық таланты соғыс кезінде жарқырай көрініп, шығармалары ерлік пен өмірге құштарлық сезімін оятып, сол кездегі жауынгерлерді Отанды сүюге, Отан үшін жан аямай күресуге шақырды. Баубек Бұлқышев 1944 жылы Украина жерінде ерлікпен қаза тапты. Оқушылар Мұқан мен Баубектің өмірбаянымен танысқан соң қос қыранның шығармаларынан үзінді оқыды. Сабақ соңында музей әдіскері М.Уатаев «Мұрагер» өлкетану музейіне кеншінің қол шамы, бас киімі мен кен бұрғылау коронкасын тапсырды. Мектеп оқушылары мен мұғалімдер өз тараптарынан музей мамандарына алғыстарын айтып, естелік фотосуреттерге түсті.