Тәуелсіздік күні қарсаңында М.Төрегелдин атындағы тау-кен және балқыту ісі тарихы музейінде «Тәуелсіздік-тұғырым» тақырыбында «Айгөлек» балабақшасы бүлдіршіндерінің қатысуымен музейлік сабақ өткізілді.
Сабақтың мақсаты: жас ұрпақтың бойына Отанды сүюге, елін, жерін қастерлеуге тәрбиелеу. Сабақ барысыойын түрінде өткізіліп,бүлдіршіндер еліміздің Мемлекеттік Рәміздері Ту мен Елтаңбамыздың ерекшеліктерін жарыса айтып, сұрақтарға жауап берді.Тік тұрып Мемлекеттік әнұранды барлығы бірге орындағанда елімізді қастерлейтін жас буынның өсіп келе жатқандығы қуаныш сезімін тудырды. Содан соң Егемен еліміздің қадір-қасиеті туралы айтылып, елордамыз бен ертедегі ертегілерде кездесетін самрұқ құстың бәйтерекке алтын жұмыртқасын салуының мәні туралы экраннан видеоролик көрсетілді. Бүлдіршіндер Тәуелсіздік туралы тақпақтарын мақтанышпен оқыды. Ата-бабаларымыз ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап келген киелі жеріміздің қалаларыжайында сөз етілген соң балалар Қазақстанның картасымен танысты. Бүлдіршіндер сабаққа белсенді қатысып, сабақ соңында музей экспозицияларын тамашалады.