Кеңгір және Сарысу өзендерінің бассейнінен, Ұлытау және Жезқазған өңірінен табылған орта ғасырлық қалашықтар отырықшы мәдениеттің, суармалы жер шаруашылығының дамығандығының дәлелі.

Сонымен қатар анықталғын қалашықтар көшпелілер мәдениетіне ыңғайлы қылып салынғандығы. Топографиялық орналасуы бойынша – Сарысу, Кеңгір, Жезді,Торғай, Нұра өзендерінің бойында орналасқан. Бұлай орналасудың да ерекшелігі бар. Ол, біріншіден өзен аңғары, судың жағасы болса, екіншіден, ежелгі мередианды көшіп қону жолдарымен қыстаулардан жайлауға көшу жолдарында кездеседі. Тагы бір айта кететін мәселе, бұл сауда жолдары. Көне дәуірлерден – ақ батыс пен шығысты жалғастырып, байланстырып жатқан  «Жібек жолы» Түркістан, Сығанақ қалаларынан бір жол Сарысу, Кеңгір, Нұра өңірлеріне әкелсе, келесі бір жол Оңтүстік Оралға апарады.

Орта ғасырларда ІХ-ХІІ ғасырларды бұрынғыша Жібек жолы батыс пен шығыста жалғастырып тұрады. Испиджафтан шыққан жол Сығанақ арқылы сауда жолдары Қаратаудың солтүстік сілемдеріне түсті, осы жолдар Бетпақ дала арқылы Дешті-Қыпшаққа жетті. Осы жол торабы Сарысуға, Ұлытау етектеріне, Ертіс өзендерінің бойына дейін жететіні.

Түрлі дерек көздері Дешті-Қыпшақ жерінде бай мәдени тұрақтар болғанын мәлімдейді. Хафыз Тыныш осындай тұрақтарға Бесағаш, Болған-Ана, Талмас – Ата, Жетім қорған, Мыңбұлақ, Үшқоңыр, Белен ана, Сарайлы, Тұрайлы, Басқамыр, және  т.б жатқызса, Шарафеддин Әли Язды Орда-Базар, Сегізағаш, Ұлытаг, Кертаг, Ақ зират тұрақтарын атаған.  

Орталық Қазақстан қалашықтарын екі негізгі кезеңге жатқызуға болады.  Олар қорғаныс қабырғасымен қоршалған және соған тән кыш ыдыстары бар қалащықтар, оғыздарға жатқызылса, бекініс жоқ қоныс орындары Алтын Орда кезеңіне жатады.

Ұлытаудағы көне қалашықтардың бірі – Болған  Ана қалашығы. Қалашық Жезқазған қаласынан 67 шақырым оңтүстік-шығыста, Жезқазған-Қызылорда автокөлік жолы бойында орналасқан. Бұл жер алғашқы рет Абдолла ханның Ұлытауға жорығында баяндалады. Капитан П.Рычков қалашық жөнінде «... городовые развалины на берегу Сарысу, от озера Тулегула (в который сия реки впала) вверх в один день, где поныне пять мечетей видны, и знатно, что сей город бывал по длине верст на шесть, поперек с версту».

Академик Ә.Марғұлан бұл өңірде қалашықтардың пайда болуын, Арқаның батыс бөлігінде қыстақтарға жайлы болуынан деп түсіндірді. Болған ана жөнінде Жошы ханның ұлысына байланысты жазба деректер баяндалады.  М.Төрегелдин атындағы Жезді кентіндегі тау-кен және балқыту ісі тарихы музейінің қызметкері Сарысу және Қара Кеңгір өзендер қиылысында орналасқан археологиялық ескерткіштерге және Болған ана қалашығына барлау жұмысын жүргізді. Қалашықтың стратиграфиясы және планиграфиясы бойынша мәлімет жинақталды.

Болған ана қалашығының қалдығы бір-бірімен жалғаса салынған үлкенді-кішілі солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа созылып жатқан үш төртбұрышты құрылыстан тұрады. Қабырғалары дүниенің төрт бұрышына бағытталған. Координатасы: N 47 24 625, E 067 59 443, ALT 293.

Қалашықтың солтүстік-батыс бөлігі. Көлемі 50х50 м (2500кв.м)  шаршы (квадрат) пішінде, қабырғаларының  биіктігі 1,5-1,8 м, қалыңдығы 1-1,2 м болып келген құрылыс қалдығы. Су шаюынан өзгеріске ұшыраған қалашықтың ішкі бөлігіндегі бөлмелерін анықтау қиындық тудырды, жалпы бес бөлменің сұлбасы байқалды.

Қалашық қабырғасын биік тал, қараған, тікенек басқан, өте шөптесін болып келген. Сондықтан біз қалашықтың ортаңғы бөлігіне байқау қазбасын салдық. Байқау қазбасы нәтижесі мәдени  ешқандай мәлімет бермеді, топырақ өте қатты. Қалашық ішінен қыш ыдыс сынығы, ірі қара және ұсақ мал сүйектері, Болған ана мазарының кірпіштеріне ұқсас күйдірілген кірпіштер, тас дәуір артефактілері табылды. Қабырғаларының іргетасы ірі тас плиталардан салынған. Кіре беріс есігі оңтүстік-шығыс қабырғасының ортаңғы бөлігінде, қалыңдығы 1,8-2м.

Қалашық айналасы ені 1,5-2 м., тереңдігі 0,3-0,5м. болатын ормен қоршалған. Қара Кеңгір өзенінің су ағынының шаюы әсерінен пішінін біршама жоғалтқан оңтүстік-батыс бөлігінен басқа бөлігі жақсы сақталған. Ор Қара Кеңгір өзеніне жалғасып жатыр. Бөліктің төрт жағында мұнара қалдықтары байқалады.

Қалашық ішінде қиғаштай кейінен салынған құрылыс қалдығы бар. Ол құрылыс солтүстік-шығыс қабырғасына жапсарлана салынған, оның қабырғаларының бұрыштары солтүстік-батыс, солтүстік-шығыс, оңтүстік-батыс, оңтүстік-шығысқа бағытталған.  Аумағы 15х18 м көлемдегі екі бөлмелі (8х13 м және 13х5 м) саман кірпіштен салынған Болған ана қалашығынан 2 шақырым Қара Кеңгірдің оң жағалауында  жоғары орналасқан екінші қыстаққа өте ұқсас құрылыс қалдығы. Сол құрылыс қалдығына бола кейінен Болған ана қалашығын жергілікті тұрғындардың Аманбай қыстағы (1946-1947 ж.ж. ОҚАЭ  XVIII ғасырға жатқызған Аманбай қыстағы) деп атап кетуіне себепкер болғанға ұқсайды.

Қалашықтың ортаңғы бөлігі. Көлемі 20х21 м (420кв.м.) солтүстік-батыс бөлігінің шығысынан жапсарласа салынған екінші бөлігінің құрылыс қалдығы көлемі жағынан кіші. Өте кіші бөлмелерден тұрғанға ұқсайды, 13х20 м және 4х7 м болатын екі бөлме сұлбасы жақсы көрінгенмен, қалған бөлмелерінің қабырғаларын толық анықтау мүмкіндігі болмады, жалпы 4 бөлме сұлбасы байқалады. Осы бөлікке 1948 жылы Ә.Х.Марғұлан басшылығындағы ОҚАЭ оңтүстік-шығыс жағына байқау қазбасын  салған, нәтижесінде  42х22х10 см көлемдегі кірпіш, мал сүйегін және қыш ыдыс сынығын тапқан.

 

 

  А.Ш. Искаков.

М.Төрегелдин атындағы

Жезді кентіндегі тау-кен

және балқыту ісі тарихы музейінің ғылыми қызметкері.