Көне заман суретшілерінің ашық аспан астында галереялар жасауы таңғаларлық жағдай. Қазақстанның тасқа салынған гравюралары, ата-бабаларымыздың бізге қалдырған ұлы мұрасы - көне заман жайында дерек беретін даусыз жәдігер.
Ә.Х.Марғұлан  (Шығармалар 3-4 том)

Қазақ даласының барлық аймақтарында кездесетін «өнердің көне ескерткіштерінің» бірі және Ұлы даланың шөлді аймағында сақталып қалған гравюралардың бірегейі – Байқоңыр петроглифтері. Сарыарқаның ұсақ шоқылы даласының Бетпақдала атанған шөлейтінде солтүстік батыстан оңтүстік шығысқа қарай  Байқоңыр өзені ағады. Өзеннің бірнеше кішкене сағалары бар, жалпы ұзындығы 65 км созылады. Жазда өзен кеуіп ойдым-ойдым көлшіктер қалады. Дала фаунасы мен флорасының тіршілік көзі де осы сулар. Көне замандарда бұл өзен арнасымен Ұлы Жібек жолының бір тармағы өткен. Бетпақдаланы кесіп өтетін керуендер өзен иірімдерінде ішерге су, малға от, демалысқа қолайлы сая тапқан. Жазық дала төсінде аялдап, биіктігі 15-20 м дейін жететін қара тастарға белгі қалдырған. Ол белгі бүгінгі ғалымдардың зерттеулеріне арқау болып, Балқымбай, Ақжар, Лақбай жартас суреттері деген атпен зерттеу нысаны ретінде қарастырылып келеді. Сарыарқаның ұсақ шоқылы аймағындағы бұл петроглифтер топтамасы ғылымда «Байқоңыр петроглифтері» деп аталады.    Байқоңыр өзені бойындағы  петроглифтер жайлы алғашқы мәлімет 1914 жылы геолог Н.С.Воронец басқарған  экспедицияның   Бетпақдала сапарының қорытынды есептерінде айтылған.  Жергілікті тұрғындар Спасск АҚ – ның көмір кеніші маңында тастарда салынған суреттер  барын айтқан. 1916 жылы геолог Н.С.Воронец  сурет салынған тастың бірнешеуін алып, Мәскеуге әкеліп,  В.А.Городцовқа Мемлекеттік тарихи мұражайға тапсырды. 1916 жылдың күзінде геолог Пригоровский Байқоңыр өзені бойымен төмен жүре отырып, петроглифтер тобын тауып, тарихи мұражайға 4 суретімен жартастардағы суреттердің сипаттамасын жасап өткізді. В.А.Городцов плиталар мен суреттерді салыстыра отырып,  Бетпақдала мен Орта Азия өңіріндегі тастағы бейнелерді зерттеу проблемеларына  тарихи дерек көзі ретінде қарау мәселесін көтерді. 1926 ж «Скальные рисунки Тургайской области» мақаласында Орталық Қазақстан мыңдаған жылдар бұрын мәдени байланыс дамыған аймақ болғанын атап көрсеткен.Оның дәлелі ретінде Байқоңыр петроглифтеріндегі антропоморфты жануарлар мен түйе бейнелерінің ортақ белгілерін Енесай өзеніндегі жартастардан, Орал маңы және сонау Испаниядағы петроглифтерден тапқан.    

1930 жылдары петроглифтер жайлы Қ.И.Сәтбаев өзнің «Жезқазған ауданының көне тарихи ескерткіштері» еңбегінде жариялады. «Бұланты өзенінің оң жағалауында, Байқоңыр көмір кенішінен 6-20 км төмен қарай жүргенде күрт түсетін жазықтықта метаморфты сланецті жартастарға көптеген суреттер салынған. Олар жануарлар мен аң аулау  кезеңдерін бейнелейді.  Қазіргі кезеңдегі белгілі жануарлармен қатар төрттік дәуірдің(кайназой эрасының антропоген дәуірі) бірінші кезеңінде өмір сүрген бұғылар, аюлар, яғни б.з.д. бірнеше мың жылдықтар бұрынғы жануарлар суреттері бар», -деп, алғаш рет суреттердің салыну кезеңіне болжам жасады.

1947-48 жылдары Байқоңыр бойын зерттеуге  Ә.Х Марғұлан басқарған  экспедициясының барлау  топтары келді. Бұл алқапта әртүрлі тарихи кезеңдерде қоныстар болғанын, олар негізінен тас дәуірге жататыны анықталды Бұған дәлел зираттар мен  «мұртты қорғандарды» зерттеуде табылған тас құралдар, керамика бұйымдарының сынықтары болды. «Қазақстан жеріндегі петроглифтердің барлық өлкелерде кездесуі, жасау шеберлігімен, сюжеттік байлығымен таң қалдырады. Ертедегі шеберлер қос өркешті түйенің тәкаппар келбетін, тұлпарлардың сымдай сымбатын, бұғы мен сайғақтың әсемдігін, барыстың серіппеше атылуға әзір тұлғасын көрсете алған. Әсіресе аңшылық көріністері, жануарлардың арпалысы, батырлардың жыртқыштармен жекпе-жектері бейнеленген гравюралар ете қызықты. Түйелі керуендер мен салт аттылар топтары бейнеленген петроглифтердің сюжеттері қазақтардың Желмая жайлы кене аңызымен үндеседі (Ұлытау, Бұланты,Білеуті, Абыралы және басқалары). Гравюраларды гранит, порфир, диорит, құмтас, сланец-филлит беттеріне салған. Орындау техникасында үш әдіс: нуктелеу, сызу, бояу қолданылған»,-деп жазды  ғұлама ғалым Ә.Х.Марғұлан.

1988 жылы Қарағанды Мемлекеттік университетінің  археологиялық экспедициясы Жезқазған өңірінде комплексті барлау жұмыстарын жүргізу барысында, Байқоңыр өзені бойындағы археологиялық ескерткіштерді, жартастағы суреттерді зерттеп, шамамен 160-тан астам археологиялық нысан тіркелді. Экспедицияның басшысы сол кездегі Қар МУ-дің археология мұражайының зертхана директоры болған В.А.Новоженов Байқоңырдағы зерттеулерін әлі де жалғастырып келеді.  2001 жылы  жарық көрген «Петроглифы Байконура», 2015 ж. Баспадан шыққан «Изобразительные памятники казахского мелкосопочника» атты еңбектерде Бұланты өзені бойында кездесетін жартастағы суреттерге жан-жақты түсініктеме берілген. Бұл суреттердің ерекшеліктері мен негізгі тақырыптық топтастырылуы айқындалған.  2011-2013 ж.ж. жүргізілген зерттеулер бұл аймақтағы жартас бейнелері жайлы жаңа деректер берді. 2015 жылғы жазғы далалық барлау маусымында В.А.Новоженов бастаған зерттеушілер тобы (құрамында мақала авторының бірі-музейдің ғылыми қызметкері А.Искаков болды) Қарағанды облысы бойынша ХХ ғ. 2-ші жартысында зерттелген петроглифтердің мониторингін жүргізіп, заманауи технологиямен, ұшқышсыз басқарылатын аппарттар мен  GPS қондырғылары арқылы Байқоңыр петроглифтерінің панорамасын және жекелеген бейнелерді  қолайлы ракурстардан квадрокоптердің көмегімен түсіруге қол жеткізді. Бұған дейін Ә.Х.Марғұлан  еңбектерінде жазғандай: «Петроглифтердің көп бөлігі-біздің заманымызда адам аяғы жете алмайтын қиын жерлерде, биіктігі 200 м қайқиған қия жартастарда» салынғандықтан толықтай зерттеу мүмкін болмаған.Соның нәтижесінде Байқоңыр «Н» атауымен суреттердің жаңа «полотносы» анықталды. .Олар бұрынғы Лақпай қыстағынан 1,5 шақырымда, өзеннің оң жағалауында оңтүстік–батыста «Үйтас», «Ақжар» петроглифтері ретінде белгіленді.Петроглифтердің шоғыры өзеннің иірімінде, алақандағыдай анық көрінетін алаңда орналасуымен ерекшеленеді. Бұл жартас бізге беймәлім ғұрыптар өткізілетін алаң болғаны сөзсіз. (Новоженов В.А. «Изобразительные памятники казахского мелкосопочника» К.,2015ж.) 

Байқоңыр ескерткіштері жинақы топтасқан 4,5 км дейін созылатын сланецті жарқабақтар, аралары жазықтықпен бөлініп, бір-бірінен қашық  орналасқан жартастарға салынғандығы бұған дейінгі зерттеулерден белгілі. Жалпы ұзындығы 25 км құрайтын суреттер су бетінен 3-4 метр биіктікте оңтүстік-шығысқа, кейде солтүстікке бағыттала салынған. Кейбір жартастардың шекуге ыңғайлы беттері ғана пайдаланылған. Барлық бейнелердің 2-3 % эрозияға ұшырап, үгіліп кеткен. Жартастарды қына басып, суреттері көмескі тартқан жерлерді тазарту жұмыстары жүргізілгенімен, ол да петроглифтерді сақтауға, толықтай көшіруге кедергі болғаны сонау 1988 жылғы зерттеулерде жазылған.  Көптеген суреттер табиғи бұзылумен қатар, шаруашылық мақсатта-құрылысқа  щебень алу үшін жарылыс жасалуына  байланысты бұзылуға ұшыраған. Жартастағы гравюраларға қауіп төндіріп отырған тағы бір фактор-бүгінгінің «суретшілері». Петроглифтердің бетіне сырлы бояумен автограф қалдыратындар тарихтың ашық парағына орасан зиян келтіріп отырғанын түсінбегені өкінішті.

 Петроглифтердің жалпы сипаттамасы. Петроглифтер өзен жағасының екі жағында биік көлемді плиталарда  салынған. Күнге біркелкі күйген, ешқандай кертілмеген  түзу жазықтықтар көп сақталмаған. Суреттердің тақырыбы алуан түрлі. Жануарлар тобы – киіктер, бұғылар, бұқалар, қарақұйрықтар, көбіне жылқылар мен түйелер бейнеленген. «Күнбасты» адамдар, аңшылар, «құйрықты» және «бұрымды»  адамдар, садақ, шоқпармен қаруланған  адамдар және әйел бейнесі кездеседі. Сурет салу үлгісі негізінен шеку, нүктелеп із салу техникасы және онымен  қатар жүретін тегістеу, қырнау әдісі (шлифовка)  пайдаланылған. Кейбір суреттерде кесіп салу және сұлбасын қайта көмкеру (контурная обводка) әдісі кездеседі. Мұндай әдіс сланец сияқты жұмсақ жаратастарға бедер түсіруге  қолайлы екенін зерттеушілер атап айтқан. Бұл ежелгі өнер иелерінің сурет салу техникасының даму дәрежесін және шеберлігін көрсетеді.  Петроглифтердің құндылығы біздің ертедегі ата-бабаларымыз өмір сүрген ортадағы әлем туралы ұжымдық дүниетанымды көрсетуінде. Ертедегі суретшілердің өнері даму барысында бейнелеудің биік шыңдарына жеткен. «... Көптеген жануарлар суреттерінен, аңшылық сахнасынан тұратын ондаған метр жерге созылған петроглифтердің ішінде біреуі жетелген түйелі керуенде бейнеленген, кейбір жануарлар тыныш күйде, бір бөлігі қозғалыс үстінде... Олардың бәрі алыска, аспанға ұмтылып, Көк-Тәңірге жетуге тырысып, ру мен тайпаның жебеуші әруақтарының құдайға, мәңгілікке жету жолдарын меңзейді».(Ә.Х.Марғұлан шығ 3-4 т.) Ақпараттық тұрғыда ежелгі суретшілер тасқа салған таңбалары арқылы шындык өмірдің рухани бейнесін жеткізушінің ролін атқарып, келер ұрпақ жадына арнайы дерек қалдырғаны даусыз.  Ежелден қоныс болған өзен арнасының мыңжылдықтар өтсе де адам баласына тұрақ болып қаларын, бәлкім, олардың ішкі түйсігі сездірген болар. Себебі Байқоңыр петроглифтері топтасқан жерлер әлі де халық қоныстанған Байқоңыр атты ауылдан (Ұлытау ауд. Жанкелді с.о.) қашық емес. Бұл жер кеңестік дәуірде атақты космодроммен аттас елді мекен болғандықтан стратегиялық мақсаттағы нысан саналды. Қазақтың жер – су атаулары оның табиғи байлығы мен тіршілікке қолайлылығымен бағаланса, өзі «бай», яғни сулы, отты, өзі қоңыржай, күнелтуге қолайлы, жанға жайлы саялы өлке-ежелден ата қоныс болғаны заңдылық. )
Петроглифтердегі бейнелердің мазмұны. Сарыарқа петроглифтеріндегі суреттеу дәстүрлері  мен кезеңдері «кейінгі» салынған суреттердің «бұрынғы» суретті баса салынуына қарап, бейнелеу әдісінің  дамуы  мен белгілі бір образды жеткізудің өзіндік ерекшелігін ескеріп ғалымдар бір-бірімен тығыз байланысқан үш қабатты анықтады. Бұл қабаттар сурет салынған кезеңдегі бітікшінің сол айналадағы  өмірді қабылдау  деңгейі мен оны естелік етіп қалдыру әдісінің өзара байланысын білдірсе керек.

            1-қабаты «күнбасты» адамдар, аяғы байланған жануарлар, жыныстық белгілер мен құйрығы бар адамдар – натуралистік мәнерде , яғни табиғи қалыпында салынған.
            2-қабаты  Жануарлардың қаңқалық (скелетный) стильде салынуы. Мұнда  нобай салып, бетін тегістеп қырнау техникасы көрінеді. Суретте бейненің динамикасын көрсетуге мән беріледі. Жануарлар аяғы алға қарай қайырылып салынуы, аттың ерекшелік белгісінің (жалының)  салынуы, мүйіздерді салу стилі өзгерген.  Бұл қабат алдыңғысын баса салынған. Мысалы: тау ешкінің суреті – аңдар стилінде кейінгі кезеңде салынған және ол адам мен көне жануар суретінің үстінен бейнеленген. Тағы бір плитада көне жылқы мен түйе суреті «қаңқа» стилінде салынған тау ешкімен бастырылған.
            3-қабат суреттерінде сақ аңдары стилінде – аяқтары бауырына жинақтала салынған. жабайы аңдардың бұқаға шабуылы, киік  суреті, түйелердің соқтығысу суреттері бейнеленген.

Петроглифтерде белгілі бір образдар қайталанып отырады.
Байқоңыр петроглифтерінің хронологиясын археологияда кеңінен қолданылатын стратиграфиялық және анология-ұқсастықтар әдісін пайдаланып ғалымдар нақты  анықтауға қол жеткізді.  Байқоңыр бойында тіркелген петроглифтердің ерекшелігі - онда түркілердің дәстүрлік кезеңі немесе қазақ көшпелі тайпаларының кезеңі деп дөп басып айтатындай суреттердің болмауы. Ұқсастықтар әдісімен археологиялық артефактілер арқылы сурет кезеңін айқындауға болады. Мысалы керамика бұйымдарын дайындау мен металл өндіру эволюциясы сурет салу техникасынан анағұрлым жылдам дамыды. Себебі ол күнделікті тұрмыстық қажеттілік болды.  Сурет салудың дамуына қозғаушы болатын қоғамдағы аса маңызды тарихи-этникалық  өзгерістер кезеңі болғаны белгілі. Байқоңыр петроглифтерінің  сурет мазмұнында антропогендік кезең аңдары бейнеленгені жоғарыда айтылды. Ескерткіштегі бейнелердің салыну кезеңін анықтауда үй жануарларының аяқтары сызықтар арқылы қосылып бейнеленуі негізге алынды. Мұндай бейнелер жануарларды қолға үйрету кезеңі екенін меңзейді. В.А.Новоженов:  «...наскальные изображения Байконура не могли создаваться в допалеометаллическое время, т. е. до изобретения и использования металла и завершения процесса приручения домашних животных: лошадей, быков и верблюдов», -деп түйіндеген. Археологиялық зерттеулер көрсеткендей малды үйрету кезеңінде металлдан бұйым жасау, мысалы: тұсамыс, ауыздық т.б. ат әбзелдері кездесетін қола дәуір тұрақтары бұл өлкеде соңғы жылдары анықталып отыр. Байқоңырдағы жылқы бейнелері оның толықтай қолға үйретіліп, жабайы қалпынан өзгерген, бойы жалымен есептегенде 136-144 см, сирақтары жіңішке тектілер екенін көрсетеді. Оның айғағы қоныстану мен көшу аудандарында  орналасқан мекендерде  олардың сүйектері кездеседі. Мұндай аудандарға Байқоңыр өзені бойы  жатады.  Осылайша, Байқоңыр жартас бейнелерінің салыну кезеңі б.з.д. ХІV – І ғ.ғ. бастау алған деген тұжырымға келген зерттеушілер тасқа бейне салу тәжірибелерін зерттей келіп, суреттердің соңғы кезеңін көшпелі  тұрмыс бастау алған, яғни этнографиялық кезеңге жатқызады.

Бұл аймақтағы петроглифтерді зерттеудің жаңа кезеңі  соңғы  ғылыми жетістіктерді пайдаланып, олардың пайда болу кезеңдерін радиокөмрсутекті және  петрографиялық (жартастардың геологиялық құрылымын анықтау) сараптамалары арқылы зерттеуді қажет ететінін соңғы экспедицияға қатысқан ғалымдар  атап көрсетті. Қарағанды облысындағы хронологиялық диапазоны кең, бірегей суретті ескерткіштерді анықтау мен зерттеу, оларды сақтаудағы нақты қадамдар алдымен толық және мұқият тіркеу, оларды  компьтерлік модельдеу болмақ. Бұл аймақтағы баға жетпес ескерткіштер петрголифтердің  жартылай бүлінген, апатты жағдайда екенін ескерсек оларды сақтап қалудың бірден–бір жолы жан-жақты құжаттама жасау және консервациялау болмақ.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Ә.Х.Марғұлан «Сарыарқа петроглифтері. Бөрі тотемі бейнеленген гравюралар». Шығармалары 3-4 том. Алматы, 2003 ж. 
  2. М. В. Бедельбаева, В. А. Новоженов, Н. В. Новоженова  «Изобразительные памятники казахского мелкосопочника». Караганда, 2015г.
  3. В.А.Новоженов «Петроглифы Сарыарки». Алматы, 2002 ж.

 

Айдар Искаков – археолог, Мәкен Төрегелдин атындағы тау-кен және балқыту ісі тарихы музейінің ғылыми қызметкері.

Үрзия Қапарова – Мәкен Төрегелдин атындағы тау-кен және балқыту ісі тарихы музейінің  бөлім меңгерушісі