Сағындық Қожамсейітов. М.Төрегелдин атындағы тау-кен және балқыту ісі тарихы музейінің қызметкері.

 1635 жылы өзінің төл мемлекетін құрған моңғол тілдес көшпенді ойраттар (жоңғарлар) Қазақстан мен орта Азия хандықтарына бағытталған әскери-саяси белсенділігі XVII  ғасырдың 80 жылдары мен XVIII ғасырдың бірінші ширегі аралығын қамтиды. Осы тарихи кезеңде қазақ-жоңғар соғыстары бірінен соң бірі жалғаса берді. Олардың ішіндегі аса қиыны және ұзақтығы жағынан 1680-1685, 1698-1699, 1708-1710, 1716-1717, әсіресе 1722-1730 жылдардағы соғыстар болды.

«Қайың сауған» деп аталған 1723 жылғы қырғын ел есінде қалған. Тек бос көгені мен жүгені ғана бар малсыз ел таужұмырды талшық етіп, теңселіп отырған сарша тамызда жоңғарлардың сегіз түмен (80 мың) қолы қарақұрттай қаптады. Ең аяғы екі-үш жылда Ташкент, Түркістан, Сайрам сияқты қалалар жау қолына көшті. Ұлы жүз әрісі Жиделі байсынға, берісі Қоқан төңірігіне, орта жүз Бұқараға асты, кіші жүз  Хиуаны төңіректеп босып кетті. Дәл осы мезгілдегі қазақ жұртының көңіл-күйін батыр жырау Ақтамберді: «Дұшпаннан көрген  қорлығым, сарысу болды жүрекке»,- деп күйіне бейнелейді. Тарихшы Ж. Артықбаев жазғандай «Көшкен елдің ең бір намысқой, жаны сірі бөлігі Бетпақты кесіп өтіп, Ұлытауға тоқтады».

Ұлытау  - ұшы-қиыры жоқ қазақ даласының кіңдігі, географиялық орталығы екені ақиқат.  Оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа көсіліп жатқан қырлы-қыратты бұл орталық торабы Сібір мен Алтай таулары жүйесін жалғастырып тұрады. Орталық Қазақстанның түстікке де, шөл далаға да (Кеңгір), солтүстік және солтүстік-батысқа Объ өзенінің аңғарына (Бала Терісаққан, Үлкен Терісаққан), не Солтүстік-батыс Қазақстандағы ақпайтын көлдерге құятын өзендер (Қараторғай, Сарыторғай, Жыланшық) Ұлытау жоталарынан бастау алады. XVII ғасыр аяғындағы орыс картасында Ұлытау, Кішітау, Сарысу өзені ірі әріппен: Киргиз-Қазақ, Қазақстан деп жазылған. Ұлытауды төңірегімен қолына алғандар бүкіл Орталық Қазақстанды билейді. «Ұлытау қазақтардың көне саяси орталығы болғанын бұл ауданның дүниелік мәдениетінің ескерткіштері дәлелдейді»,- деп жазды Қ. Сәтбаев. Сондықтан да басқыншылар Ұлытауды басып алуға жанталасты.
Осы жерде кейбір тарихи мәліметтерді баяндай кетейік. Жоңғарлар  наймандарды Бұланты – Білеуті өзендерерінің арасынан өңірдің батыс және солтүстік батысына қарай қуып тастаған. Ойрат иелігіндегі жерлер шекарасы Ұлытаудың оңтүстіктегі ұсақ  шоқылары мен Сарысу өзеніне дейінгі аймақты алып жатты. Орынбордың сөзі уәлі тарихшысы П.И. Рычков 1744 жылы Сарысу өзені 130 жыл бойы қазақтар мен жоңғар тайпаларының арасын бөліп тұрған  шекара болып табылды деп жазды.

Сарысу өзенінің орталық және төмен сағаларына XVII ғасырдың ортасы мен XVIII ғасырдың басында жоңғарлардың қарауыл бекеттерінің тұтастай жүйесі орналасты. Оларды Қалмақтепе, Қалмаққорған, Қалмақжатқан, Қарауылтөбе, Қарауылшоқы, Қарауылтау сияқты жер аттары да дәлелдеп тұр. Қарауыл бекеттері басты, тұрақты және көшпелі қарауылдар деп аталды. Басты қарауыл бекеттері тұрақты болды, оған 500 бен 5000-ның арасында тұрақты әскер бекітілді.  Мәселен, Қалмақтепеге орналастырылған бақылау бекетінің төбесі дәу тас плиталармен жабылған, үш биіктік дәрежеде қарауылшылардың орыны бар, олар  Білеутіге бағытталған қозғалыстардың барлығын жіті бақылап отырған.

Бұл кезде жеңілістен рухы түсіп, беті қайтпаған  есін жиып, күш-қайраты шиырыққан қазақтар  қайта шабуылды бастауға бекінді. 1726 жылы Ордабасында Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би, үш жүздің хандары, сұлтандар,қолбасшылар, батырлар бас қосты. Онда жоңғар басқыншыларына бүкіл ел болып соққы беру туралы бірауыздан бәтуа жасалды. Біріккен қазақ жасақтарының қолбасшысы болып Кіші жүз ханы Әбілқайыр сайланды.

Қазақ жасақтарының жоңғар басқыншыларына алғашқы ірі шабуылы Ұлытаудың қақпасы есепті Бұланты-Білеуті өңірінде басталды. Ең бастысы оған алаш елінің бар өңірінен сарбаздар келді. Соғысқа Ұлы жүзден 7 мың, Орта жүзден 10 мың, Кіші жүзден 10 мың әскер қатысты (Қазақ Совет энциклопедиясы, 6-том, 448 бет). Басқа деректерде қазақ қолының саны 44 мың адам болды деп көрсетіледі. Негізі бұл цифрларға Бұланты – Білеуті шайқасында қатысқандарды ғана емес, сонымен бірге  Сарыарқаны, Ырғыз өңірін азат еткен жасақтар енген болуы керек.

Бұланты  шайқасына Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би, барлық хандар, белгілі батырлар, билер қатысты. Сеңкібай, Шойбек, Наурызбай басқарған Ұлы жүздің әскері Қаратауды асып, Сарысуды бойлап суыт жетті. Орта жүздің Бөгенбай, Қабанбай, Шақшақ, Жанібек, Шұбартулы Жаулыбай басқарған әскер қосындары Қорғалжыннан, Қарқаралыдан, Торғайдан, Ұлытаудан құлады. Әбілқайыр хан бастаған Кіші жүз жасақтары Ырғыз жағынан келді.

Әбілқайыр хан бұда  бұрын  Шақшақ  Жәнібектің        жасақтарымен тізе қоса отырып, Шұбартеңізге табан тіреп, ұзақ жорықтан кейін тыным алып жатқан жоңғарлардың басына әңгір таяқ ойнатқан еді. Жау жағы есін жиып, қайрат көрсетуге шамасы келмей, бірден аттың басын кері бұрып, Білеутіге шегінген, Дәл осы соғыста Кіші жүз Жақайым руының төбе биі Байжанның 17 жасар ұлы Сартай бастаған мың бала жау шебіне кіріп, тұңғыш рет әскери мектептен өткен. «Бұл елдің жігіттері жоқ па?» - деп сұраған ағайындарына иманды болғыр Байжан би бабамыз: «Бар ғой...әне Бақтыбай мен Пұсырман шектінің туын жығар деймісін? Бірақ қазақ анау ауылға тиген жау ертең біздің ауылға да ұрандап жетер деп ойлай ма? Балалар үшін соғыс ойын сияқты, ал жігіттер былай шыға бере-ақ үйде қалған келіншектерін, бала-шағасын сағынып, түн жамылып қашып кетеді. Соғыс ұзаққа созылатын түрі бар. Бүгін 15-тегілер енді бес жылдан кейін 20-ға шығады.... Бір өзі он адамға татитын жаужүрек қыранға  айналады» - деп жауап береді.

Шынында да аузы дуалы би айтқандай, осы балалар елге бес жылдан кейін оралады. Соғысқа аттанған Жылқыайлар, Жылқыасан, Төркінбайлар 20 жасқа шығып, кейін атақты батырлар санатына қосылады, ал Сартай үйсін Төле биден бата алып, кейін бір тайпа елдің ұранына айналады. Жоңғар-қазақ соғысында Сартай бастаған 1000 баланың сол Отан соғысына қатысуы халқымыздың рухының бір көрінісі, жастарды түрікшілдікке, мемлекетшілдікке, отаншылдыққа тәрбиелеудің жанды мысалы болып табылады.

Жоңғарлармен алғашқы қақтығыс Қарағайлы өзенінің Білеутіге құяр сағасында болды. Кілең сәйгүлік әрі қарулы аттарға мінген қазақ сарбаздары жауды найзаға алып, садақ оғына байлап, қылышпен турап зәресін алды.  Жау Білеуті мен Бұланты өзендерінің арасындағы Қарасиыр қыратының (кейбір деректер бойынша Қарасире, моңғолша «жота» деген сөз) маңайына ұйлығып топталғанда жан-жағынан «Бақтияр», «Ақжол», «Қаптағай», «Қарабура» деп ұрандаған қазақтар лап қойды.

Айлакерлігі мен әскери тапқырлығы жағынан қазақтар қарсыластарынан асып түскен. Екі-үш күнге созылған батырлардың жекпе-жегі, «ай қораланды», «қоян қашты», «жауды отпен ойрандау», «қарсыластарын өзімен өзін соғыстыру» әдістері сәтті қолданылған. «Бұланты Білеуті өзендері жағасында және Қарасиыр деген жерде қалмақтар толықтай жеңіліс тапты» - деп жазды Мұхамеджан Тынышпаев. Ел сол сұрапыл шайқастың кіндігі болған қаратөбені Қалмаққырған деп атап кетті. Оның ұшар биігіне соғыста шейіт болған ерлердің денесі жерленді, басына тас орнатып, әр ру өз таңбаларын басты.

Жоңғар басқыншыларын ойсырата жеңіп, омыртқасын омырған Бұлантыдағы жеңіске Ұлытау жұрты қомақты үлес қосты. Ұлытау баурайында бірнеше ұста дүкендері көрікті қыздырды, қылыш, найза, айбалта соқты, садақ, жебе сауыт жасады (Қазақстан тарихы 2000 ж, 141-бет). 97 жастағы Өмірзақ Бектұрсынов шежірешінің айтуынша, қанжыгалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай, шақшақ Жәнібек, сіргелі қара Тілеуке, қарақалпақ Құлшыбек, шапырашты Наурызбай сияқты тарихтан мәлім батырларымен қатар Ұлытаулық Тілеулі, Түйте, Алқалы, Төлек, Тулақ, Сағындық, Оразымбет (Оразай), Құттымбет, Айбас, Шұбартулы Жаулыбай тәрізді жанкешті сайып қырандар басқыншылардың үрейін алып, талайының басын қағып, қанын ағызды. Мәселен, мыңбасы Жаулыбай жоңғарлардың зеңбірегін қалай құртқанын жұрт жыр қылып айтады. Ол және екі баласы Қарабек пен Садыбек Аңырақайдағы шайқасқа қатысқан. Бұлар жөнінде аңыз-әнгімелер, жыр-дастандар, жеке зерттеулер жеткілікті. Өкінішке қарай, олардың жауынгерлік қызметі ғылыми сарапқа түсіп ел тарихында өздерінің лайықты бағаларын алмай келеді.

Бұлантыдан кейін қазақтар қалмақтармен 33 жыл бойы соғысты. 1760-1761 жылдары қазақ-қалмақ арасында бітімгершілік келіссөзі жүрді. Соңында әйгілі Қандыжап келісім-шартына қол қойылды. Бұдан кейін екі жақтан көп адам шейіт болған «Қалмаққырғанға», «Алқакөл сұламаға» (Аңырақайға) барып, аруаққа бас иіп, қару-жарақтарын сындырып, жазықсыз қаза тапқан бейкүнә балаларын еске алды («Қазақ Совет эниклопедиясы», 6 том, 448-бет).

Бұланты-Білеутідегі жеңістен кейін қалың қазақтың көңілі асқақ еді. Рухани жан – дүниесі қайта түлеген. Кеше бастан ұшқан бақ қайта оралған. Олар Ұлы Отан соғысындағы шешуші сәт Аңырақай шайқасына жеңіс туларын толқындатып, қатарын бұзбай, өз күш қуатына нық сеніммен аттанды.

Жауынгершілік жылдары ат үстінде түн қатып, мемлекетіміздің тәуелсіздігі үшін арыстанша алысып, жолбарысша жұлысқан жауынгер бабаларымыздың алдындағы парызын әр ұрпақ өзінше өтеп келеді. Соның бір дәлелі 1998 жылы Жезқазған қаласында «Бұланты шайқасы-1998» тарихи-этнографиялық ғылыми экспедициясы ұйымдастырылды. Экспедицияға ғылыми басшылықты Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті мен Ө. Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің тарих кафедралары (ғылым докторы Ж. Артықбаев, ғылым кандидаты А. Уржанов) басшылық етті. Экспедиция құрамында ғалымдар, жазушылар, журналистер, мұрағат және мұражай қызметкерлері, өлкетанушылар, суретші, фотограф, құсбегі, аңшылар болды. Олар құммен, Бетпақтың шөлімен, шоқалақ дала жолымен 1550 шақырым жүріп өтті. Қалмаққырылған жотасының биігіне граниттен ескерткіш белгі орнатты.  Тарихи-мәдени ескерткіштерді, жер-су аттарының шығу тегін зерттеумен қатар осы өңірдің жануарлар және өсімдіктер әлемі жазбаға түсті. Экспедиция жұмысының қорытындысы ретінде «Бұланты шайқасы» атты жинақ жарық көрді.
Іс жалғасын тауып жатыр. «Мәдени Мұра» бағдарламасы аясында «Ұлытау» ұлттық мәдени-тарихи және табиғи ескерткіштері мұражай-қорығының бастауымен шетелдік және отандық ғалымдар Бұланты-Білеуті шайқасы тақырыбы бойынша зерттеу және сараптау жұмыстарына тартылды. Олардың  қорытындылары 1915ж. Ұлытауда өткен ғылыми-практикалық конференцияға баяндалды. «Үйтас» шатқалының жотасына «Бұланты шайқасы» мұнарасы-ескерткіші орнатылды.

Суреттер:

  1. «Бұланты шайқасы» картасы
  2. «Үйтас» биігіне  орнатылған монументалды ескерткіш.(2015 ж.)