1. Тас ошақтан басталған тарих
ҰҒА академигі, әлем таныған антрополог О.Смағұлов өз зерттеулерінде қазақ атамекені тұрғындарының ғасырлар бойы қалыптасқан этно-мәдени, тектік-зәузәттық дамуында алты бірдей тіршілік ерекшелігінің шешуші роль атқарғандығын атап көрсетеді. [1]. Соның ең негізгісі – неолит, энеолит және қола дәуірлерінде қазіргі қазақ жерінде металл балқыту, тау-кен кәсіпшілігінің өте жоғары деңгейде дамуы. Металл қай дәуірде де байлық пен бақуаттылықтың негізі болды. Оны меңгерген халықтың экономикалық әлеуеті басқалардан әлдеқайда ілгері, озық болатыны сөзсіз. Қола дәуірінде Еуразиядағы маңызды металлургиялық провинция Орталық Қазақстан, Жезқазған тұрғындарының тұрмыс дәрежесі басқа өңірлермен салыстырғанда жоғары болды. «Сарыарқа тұрғындарының өмір сүру жасы басқа көршілерінен озық болды. Егер андрондықтардың әйелдерінің орташа жасы – 33, ал ердердің жасы – 35 болса, Орталық қазақстандықтар ұзақ жасады». [2].

Ұлытау, Жезқазған аймағында бұған дейін ашылған, әлі де зерттеу объектісіне айналып отырған көне металлургия орындары ата-бабаларымыздың негізгі кәсібі жөнінде деректер бере алады. Осы аймақты әр ғасырда мекендеген сақтар қауымдастығы, Түрік қағанаты, одан кейінгі оғыздар мен қыпшақ, қаңлылардың негізгі кәсібі – мыс, темір өндіру, қолөнершілік болды. Кен өндіру орта ғасырларға дейін белсенді түрде жүргізілді. Жошы ұлысының осы мекенге табан тіреп, орда тігуінде де металдың стратегиялық роль атқарғаны анық. Шексіз ақыл мен даналықтың иесі Афрасиябтың (Тоң Алып) мақал-мәтелдерінің ішінде мынадай біреуі бар екен: «Түрік шанақ ішіндегі теңіз маржаны секілді, өз жайында жатқанда ол тіпті құнсыз нәрсе, бірақ ол теңіз шанағынан шықса болғаны баға – құны артып, патша тәждері мен қалыңдықтардың мойыны мен құлағының әшекей-көркі болып шыға келеді». [3]. Ежелгі иран эпосында тұрандықтардың көсемі Афрасяб Бұхара аймағында, «Жез қамал» деген жерде өлтірілгені айтылады. М.Қашқари «Жез қамал» (Диз-и-руин) Сыр бойындағы Жаңакенттің бір атауы деп көрсетеді. «Егер Сырдарияның төменгі алқабында жез кенінің жоқ екенін ескерер болсақ, онда М.Қашқаридің айтып кеткені Жаңакентпен бір аймақ құрайтын көне Жезқазған кен орны екені өзінен-өзі айқындалады». [4]. Әбілғазы деректері бойынша Ұлытаудағы мыс кеніші VIII-X ғ.ғ. оғыз-қыпшақтардың Ыстықкөл, Алмалық, Сайрам, Қаратау (Қарашың жотасы) секілді мекендерімен қатар әйгілі болған. Араб географы Аль-Идрисидің айтуы бойынша «Оғыздар жерінде тазартылмаған күмістің төрттен бірі өндіріледі. Шаштың саудагерлері оған айырбасқа заттарын апарады, мыс, күміс тиелген көп түйе сатып алып, оны аяқ жететін барлық жерлерге шығарады». Шаштың(Ташкент) солтүстігіндегі керуенмен 18 күндік жер,  қыпшақтар елі – қазіргі Жезқазған кен орны. Алтын Орда дәуірінің тағы бір ой маржаны: «Бек алдында иіліп, көкірегін басқан қолдан, темір илеген білек мың есе артық». (С.Сараии) Бұл сөздің құдіреті Сүлеймен патша бір күн тағын босатып берген темір ұстасының қадірімен пара-пар.

Металды игеру адамзат өркениетіне төңкеріс әкелді. Осынау ұлы жетістіктің құпиясы қарапайым тас ошақта ашылған еді. Түсті металға бай кен тастарынан  қаланған ошақта оттың қызуынан тас балқып, қызыл қошқыл балқымалар аққанын аңғарған неолит адамы өзінің ең алғашқы метллург екенінен бейхабар еді. Мыс ең алғашында ашық ошақтарда балқытылып, кейін арнайы көрік-пештер өмірге келді. Осылайша металл өндіру негізгі кәсіпке айналды және ғасырлар бойы жетілдіріліп, үздіксіз даму үстінде болды. Бұдан 40  ғасыр  бұрын бір ғана Жезқазған төңірегінде ондаған мың кеншілер мен металл қорытушылар еңбек еткен тұрақтар өмір сүріп, дүниенің төрт бұрышына айырбас-сауда керуендері аттанып жатты. Ғалымдар «Ұлы Жібек жолынан» бұрын «Мыс жолы», «Лазурит жолы», «Бұлғын жолы» секілді сауда - экономикалық қатынастар болғанын жоққа шығармайды. Еуразиядағы ірі минералды-шикізат базасы болған Орталық Қазақстан шеберханаларында мыс, қалайы, қорғасын, күміс, алтын сияқты металдар балқытылып, Орта Азия, Поволжье, шығыста Синьзян,батыста Балқан түбегіне дейін «Мыс жолымен» тарады.Оның кіндігі Орталық Қазақстан еді. Мысқа қалайыны қосу металдың беріктігін арттырды, құйма сапасын жақсартты. Осылайша өмірге қола келді, шеберлік шыңдалды.

Ак. Г.Н.Щербаның есебі бойынша ертеде қазақ жерінде өндірілген мыстың көлемі 450 мың т. кем емес (белсенді өндіру кезеңі 600-700 жыл). Салыстырып көрейік, Египетте фараон заманында 1400 жылда 10 мың тонна мыс өндірілген екен. Қарапайым есептеудің өзінде Жезқазған тұрақтарында бір миллион тоннадан астам кен аршылып, одан 10 мың тонна таза мыс алынған. Жезқазғанның аршылған кен жалдарының аумағы өте орасан. Жекелеген кеніштердің ұзындығы 750м-1 км-ге дейін, ені 50 м, тереңдігі 6-8 м. дейін жеткен. Милықұдық тұрағының өзі 10 га аумақты алып жатыр. 1930 жылы Қ.И.Сәтбаев басқарған геология бөлімі Жезқазған маңайынан 400-ден астам кен аршылған орындарды картаға түсірген. Неолит металлургтері кенді аршу, өндірумен қатар, сумен байыту, алғашқы өртеу, тигельдерде қорыту, қалыптарға құюға дейінгі күрделі процесті өте шебер меңгерген. Отын дайындаудың өзі өте көп қол күшін қажет етті. 1 тонна ағаш отын 15 кг мыс балқытуға ғана жеткен.

Милықұдық (Жезқазған) қонысында қазба жұмыстары барысында ұнтақталып, балқытуға дайындалған кен қорын сақтайтын ұра-қоймалар да көптеп табылған. Археолог Н.В.Валукинский 1949 жылы Ә.Х. Марғұланға жазған бір хатында «Тәжірибелі контролердің есебі бойынша қазба жұмысы кезінде табылған кен бір шахтаның бір айлық өнімін беріп отыр» деп жазады. Ежелгі орталықтарда кен барлау жұмыстары да жақсы жолға қойылды. Аумағы 2х3м., тереңдігі 1-1,5 м шұңқырлар қазылып, кен құрамы мен сапасы, жыныстың орналасу  жағдайы  зерттеліп, содан соң аршу жұмыстары жүргізілген.  Бірқатар ежелгі орталықтарда шахталар тереңдігі 30 м-ге дейін жеткен. Дәл осындай әдіспен, қол еңбегінің күшімен кен қазу Қазақстанның ірі өндіріс ошақтарында ХХ ғ. 20-30 жылдарына дейін жүргізілгені белгілі. Қазір индустрия алыптары болып отырған кен орындарын геологтар ежелгі үйінділер мен шахталардың белгілеріне қарап қайтадан «ашты». Жезқазған, Қоңырат, Саяқ, Теміртау кеншілері ежелгі металлургтердің болжау қабілетінің дәлдігіне қарыздар.

Ежелгі шеберханаларда металл өндіру қазіргі технологияға ұқсас өте күрделі процеспен жүргізілді.  Металға деген сұраныстың артуы өңдеу технологиясын үнемі жетілдіруді қажет етті. Неолит шеберлері жасаған бұйымдардың сапасы, беріктігі, металл құрамы, әсемдігі әлі күнге дейін таңқалдырады. Бұл кәсіпте сөзсіз металдың табиғатын тану, әдіс-машықпен қатар шексіз ой-қиял, рухани қуат шешуші роль атқарды. Біз өзіміз де сол өркениеттен алыстап кете қойған жоқпыз. Адамзат баласы теміртектің құпиясын ашып, темірді ойлап тапқан дәуірдің (железный век) екінші мыңжылдығына енді ғана аяқ басты. Осыған көз жеткізіп, өркениеттер сабақтастығына куә болғыңыз келсе Ұлытау ауданы Жезді кентіндегі тау-кен және балқыту ісі тарихы музейіне келіңіз.

 

Суретте: Ежелгі Жезқазған металлургиялық қонысы. Диорама.

2. Төрегелдин тағлымы
Орталық Қазақстан, оның ішінде Ұлытау, Жезқазған аймағының арғы-бергі тарихын кен өндіру, металлургия кәсібінің дамуынан бөліп қарау мүмкін емес. Бұл осы мекенде тұрақтаған алғашқы тайпалардан бастап бүгінгі ұрпақтың тіршілік өзегі, өмір тұрмысының ажырамас бөлшегі. Жездіде тау-кен және балқыту ісінің тарихына арналған музей ұйымдастыруға өзек болған осы табиғи феномен. Музей 1988 жылы 21 желтоқсанда ҚазССР Министрлер Кеңесінің қаулысымен ашылып, тақырыбы тұрғысынан Қазақстанда тұңғыш болып бағаланған. Ол Ұлытау ауданының аса маңызды тарихи-мәдени ескерткіштерінің дәл ортасында, Жезді өзенінің бойындағы жұмысшы кентінде орналасқан. Дәл осы тұстан кешегі замандарда  қимақтар елін Сібірмен жалғаған Жібек жолының бір тармағы өткені тарихтан белгілі. Музейдің тақырыптық-экспозициялық жоспарының өмірге келуі, соған сәйкес қордың жинақталуы, ғылыми сарапталып, экспозициялық құрылымының жобалануы қоғам қайраткері, өлкетанушы, тамаша ұстаз Мәкен Төрегелдин (1923-2006 ж.ж) есімімен тығыз байланысты. Ұзақ жыл ел басқарып, кеңестік және жаңа дәуірдің сынағы мен қайрағынан өткен қайраткердің тарихқа деген ерекше құрметі, ұлтжандылығы, мемлкетшілдік өресінің биіктігі, азаматтық жауапкершілігі музейдің сыртқы қақпасынан кірген бетте ерекше баурап, тіршіліктің қарабайыр бояуын басқаша тануға болатынын түсінесің. М.Төрегелдин өзінің ғылыми еңбектерінде музей экспозициясының тұжырымдамасын жасауда мәдениеттанушы, этнограф Ө.Жәнібеков, академиктер-геолог А.Абдуллин, кенші Ә.Сағынов, тарихшы М.Қозыбаев, археолог К.Ақышев  кеңесші болғанын, өндірістік тақырыпты ашуда өлкеге белгілі инженерлер Ғ.Омаров, Т.Урумов, Т.Әбдірахманов, Қ.Мәткенов секілді өндіріс белгірлерінің пікірлері ескерілгенін жазады. Екі пәтерлі ескі тұрғын үйді 3 га-дан астам аумағымен қоса, айналасы 7-8 жылда жабық және ашық көрме алаңдары бар мәдени-тарихи орынға айналдыру – М.Төрегелдиннің жеке еңбегі.
Өлкенің өндірістік тарихы, әсіресе ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан тау-кен ісі, металл өндіру тәжірбиесі Мәкен Төрегелдинді 1940 жылдары Қ.И.Сәтбаевтың барлау партиясында еңбек жолын бастағанда қатты қызықтырғанға ұқсайды. Ол небары 16 жасында геологиялық барлау мекемесіне кіші жұмыскер болып қабылданып, ұлы тұлғаның тәрбиесін көрді.  «Қанекең мені өзімсініп «ұзынсирақ» дейтін. Бір күні Қанекең құба жонда, далада кездесіп қалды. Арқамдағы зілдей дорбаны көрді де «Арқалап келе жатқаның не нәрсе?» деп сұрады. Қапелімде «пробалар ғой» дегеннен басқа ештене айта алмай қалдым. Мамандарға қатты ренжіді. Сайд Сейфуллин, Федор Пастухов, Лев Левинге «Бұл сендерге күш көлік емес, адам! Жастарға неге үйретпейсіңдер!» деді. Осыдан кейін менің өмірімде, жалпы  буыны қатпаған жастарға көзқараста күрт өзгерістер болды. Қанекеңнің жастарға деген қамқорлығы  ерекше еді ғой», - деп еске алады Мәкен аға. Ол жеке басының өнегесі, жастарға берген тағлымы  арқылы ұлы ұстазының ізін жалғастырды деуге болады. 1980 жылдары Қазақстанның шалғай қиырындағы шағын ауылда музей ашып, Мәскеу мен Ленинградтың кітапханаларынан оқулықтар алдырып, музейтану саласынан жастарға нағыз «лекбез» ашты. Мен өзім Мәкен ағаның лекцияларын конспектілеген шәкірттің бірімін.
М.Төрегелдин тау-кен ісінің тарихына арналған музей ашуды қолға алғанда кем дегенде алдағы 50 жылдың тамырын басып, ұлтымыздың мәдени мұрасы мен тарихын зерделеуде сілкініс боларын сезгендей. 1990 жылдардың өзінде Жезді-Қарсақбай-Байқоңыр-Білеуті-Бұланты, Жезді-Талдысай-Әулиетау-Алтыншоқы бағытында саяхат бағыттарын жоспарлап, Қарағанды облысының туристік агенттіктермен, жоғары оқу орындармен келісімдер жүргізуді қолға алды. Бүгінде бұл – аймағымызға  келетін саяхатшылар үшін ең танымал бағыттар.
Музей ұйымдастыруда тың тақырып көтеріп, айлап-жылдап өндірістерді аралап, түпнұсқа экспонаттар жинақтауы және бұл іске жалпы халықты жұмылдыра білуі – нағыз патриоттық. Мәкен ағамен жәй ғана пікірлесудің өзі адамды рухтандырып, күш-жігеріңді пайдалы іске жұмылдыруға үйретеді. Ол кісінің алдынан шарықтан шыққан пышақтай жанылып, жігерленіп шығасың. М.Төрегелдин Қазақстанда алғашқылардың бірі болып музей ұйымдастырудағы мақсаты, осы істегі тәжірбиесі жөнінде монография жүгін көтеретін еңбек жазған тұлға. Автордың 1998 жылы екі тілде жарық көрген осы еңбегі жайлы т.ғ.д. Қ.Р Минералдық ресурстар академиясының академигі Ә.Иманғалиев былайша пікір білдіреді: «М.Төрегелдиннің «Мәңгілік мұра» кітабы айрықша назар аударарлық еңбек деп есептеймін. Тау-кен, металлургия саласында бұған дейін, қазір де жазылып жүрген еңбектер, зерттеулер көпшілікке арналмаған , ғылыми, кәсіби еңбектер болса, Мәкеннің кітабы кез-келген оқырманға түсінікті. Металл  балқыту, өңдеу, кен қазу – ғылымның жаңа жетістігі емес, ата кәсібіміз, біздің әрқайсымыздың қанымызда осы кәсіптің машығы бар екендігін көрсетеді. Индустриялы елдің болашағы үшін мұндай сабақтастықты сезіну аса қажет».
М.Төрегелдин ұзақ жыл Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің студенттеріне дәріс жүргізді. Және ол дәрістер университет аудиториясында емес,  өзі ұйымдастырған музейдің базасында өтті. Ұстаздың басты көрнекі құралы, оқу хрестоматиясы – музей экспозициялары мен ашық аспан астындағы көрме алаңдары болды. Бүгінгі таңда 19  мыңға жуық экспонатты құрайтын қордың басым бөлігі М.Төрегелдиннің ыждахатты еңбегі арқасында жинақталған. Музей экспозициясындағы ежелгі Жезқазған кеніштерінің жұмыс істейтін макеттері музей ісінде соңғы жылдары ғана қолға алына бастаған нағыз интерактивті алаң. Мәкен Төрегелдин бұл әдісті өткен ғасырдың 90-жылдарында экскурссиялық қызметте қолдана білген жаңашыл маман.
2015 жылы 16 ақпанда ҚР Үкіметінің №61 қаулысымен өлке тарихында айрықша із қалдырған тұлға, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі», II-I дәрежелі Отан соғысы ордендерінің, «Ерең еңбегі үшін» медалінің иегері, Ұлы Отан соғысының ардагері, Түркістан қаласы, Жезді, Ұлытау аудандарының құрметті азаматы М.Төрегелдиннің есімі өзі іргесін қалаған музейге беріліді. Бұл – қайраткердің  ұлт мәдениеті мен мұрасын насихаттауға сіңірген еңбегіне көрсетілген құрмет. Төрегелдин тағлымын зерттеп, зерделеу болашақ тарихшылар, музейтанушы мамандар үшін тың тақырып болмақ.

                          

Суретте: Жезді музейінің іргесін қалаушы,                    Суретте: Қола дәуіріне саяхат. Экскурсия                                                                                                               
қоғам қайраткері М.Төрегелдин                                                жүргізуші М.Төрегелдин. 1996 ж.

 

3. Ашық аспан астындағы музей

Мәкен Төрегелдин атындағы музей жалпы  аумағы 4 га табиғат ландшафтын құрайтын бірегей мәдени-тарихи кешен. Экспозиция концепциясы жалпы тарихи дәурілер шенберіңде халқымыздың ата кәсіптерінің бірі саналатын – металл қорыту ісінің пайда болып, бүгінгі замандарға дейінгі даму сабақтастығын көрсетуге негізделген. 18 мыңнан астам экспонат қоры тақырыпқа сәйкес жүйеленіп, 7 экспозициялық зал мен ашық аспан астындағы алаңдарда көрмеленеді. Музей құндылығы болып табылатын бұл алаңдардың жалпы көлемі 3 га аумақты қамтиды.
Жезқазғанның мыс көмбелері, көмір, қорғасын, кен орындары ұзақ жылдар Ресей үкіметінің кәсіпкер көпестерінің қолында болды. Бұл өлкеге жүргізілген ең табысты әрі көлемді экспедициялар - 1814-1815 ж.ж Орынбор әскери экпедициясы. 1814 жылғы экспедицияның олжасы – Ұлытаудағы Қорғасын кенішінің ашылуы. Оның  құрметіне I Александр патша Петерборда арнайы медаль соққаны белгілі. Осы кеніште жұмыс істеген кен сүйреткісі музей экспозициясынан орын алған. Екінші Орынбор эскпедциясы 1617 адамды қамтыса, оның 1500-ден астамы әскери жасақ болды. Экспедиция екі аптада Ұлытау етегінен 47 кен орынын тіркеп, патша үкіметінің тапсырмасын артығымен орындады. Тіркелген байлықтың ең маңыздысы – Жезқазған мыс ошақтары. 1906 жылы мыс, көмір кеніштері мен Қарсақбайды орыс көпестерінен сатып алған шетел кәсіпкерлері жылына 5000 т мыс беретін завод, тәулігіне 250 т  кен байытатын фабрика салуды жедел қолға алды. Болашақ өндіріске қажет жабдықтар мен механизмдер мұхиттың ар жағынан, Москва-Ташкент темір жолымен, Жосалы станциясына жеткізіліп, Қарсақбайға түйе керуендерімен тасылды. 1914 жылы Жосалы мен Қарсақбай арасына тар табанды алмалы-салмалы теміржол жүргізіліп, тасымалдау біршама жеңілдетіледі. Алайда жол салудың барлық тауқыметін жергілікті қазақтар көтерді. Шетел акционерлері мыс алқабын жалға алған 30 жылда кеннің 10% кем емес ең бай  қабаттарын аршып, жылдам пайда табуды көздеді. Олар иелік еткен  1907-1919 ж.ж. Жезқазғанда 9 шахта, ал Байқоңырда 12 шағын шахталар іске қосылды. Барланған кен болашақ заводтың 12 жыл үздіксіз жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін еді. «Владельцы рассчитывали получать основные прибыли путем усиленной эксплуатации завода и рудников в первые годы, а дальше играть на бирже продажей широко разрекламированных акций ». [6]. Қазақтан түсті металлургиясының қарашаңырағы Қарсақбай  тарихымен музей экпозициясы арқылы жан-жақты танысуға болады. Мұнда ғасыр басында мыс байлығы үшін мұхит асып жеткізілген өндіріс жабдықтарының бірнеше түрі көрсетілген.
Музейге келушілер сол сияқты ежелгі Жезқазған мыс қорыту кенішінің  жұмыс істейтін үлгісінде металл  балқыту технологиясының дайын өнімге дейінгі толық циклымен танысып, қола дәуіріне көрнекі саяхат жасауға мүмкіндік алады. Орталық Қазақстан пайдалы қазбаларының ең көлемді топтамасы – тау-кен жыныстарының табиғи үлгілері Қорғасын мен Кішітау, Балқашқа дейнгі негізгі кен орындарының коллекциясын қамтиды.
Ғасырлар  ғасырларға ұласып, Ұлы далада өркениеттер алмасып жатты. Бірақ ата-бабадан қалған кәсіп – металл балқыту өзгеріссіз бізге жетті. Бұл тарихты танып-білу – адамзатты табиғатпен байланыстыратын рухани желінің бірі.

                                                 

Суретте: Тоқ өндіретін генератордың фрагменті.  Суретте: Жосалы-Қарсақбай жолымен келген  
Лондон. 1909ж.                                                            алғашқы отарбаның бірі.

                                        

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Смағұлов О. Қазақ халқының антропологиялық тарихы. Алматы. 2011ж.
  2. С.У.Жауымбаев, А.В.Евдокимов. Сарыарқаның ежелгі металлургтері ізімен. Қарағанды. 2011ж.
  3. Л.Гумилев. Көне түріктер. Алматы. 1989ж.
  4. А.Х.Марғұлан .Шығармалары. ІІ том. Алматы. 2011 ж.
  5. М.Төрегелдин. Мәңгілік мұра. Қарағанды. 1998ж.
  6. К.И.Сатпаев. Избранные статьи. Алматы. 1989г.

Суреттер:

  1. Ежелгі Жезқазғандағы металлургтер қонысы. Диорама.
  2. Жезді музейінің іргесін қалаушы,  қоғам қайраткері М.Төрегелдин               
  3. Суретте: Қола дәуіріне саяхат.  Экскурсия   жүргізуші М.Төрегелдин. 1996 ж.
  4. Тоқ өндіретін генератордың фрагменті. Лондон. 1909ж.
  5. Жосалы-Қарсақбай жолымен келген алғашқы отарбаның бірі.                                                                                                

 

З.Қазанбаева.
Мәкен Төрегелдин атындағы
тау-кен және балқыту ісі тарихы музейінің басшысы.