2016 жылы ұлт тағдырында  айрықша орын алған, қазақ тарихында бүкіл елді қамтыған ең көлемді әрі соңғы қарулы көтерілістің 100 жылдығы. Ұлытау, Кеңгір алқабы – сол ұлт-азаттық қозғалысының маңызды әрі күрделі ошақтарының бірі болды. Тарихтағы Кенесары Қасымов қозғалысынан кейін Ұлытау баурайындағы алапат дүрбелең 1916 жыл оқиғалары. Мұрағат құжаттарында, әр жылдарда жарық көрген академиялық жинақтарда патша езгісі мен үстемдікке қарсылық білдірген ауылдар 1916ж. тамыз айының басында Дулығалыда бас қосқандығы атап көрсетіледі. Пәтуаға келіп, алдағы ауыр күрестерге бекінген орын-Құлмұхамед мешіті болатын.

Дулығалы мешіт-медресесі жөнінде, елдің сол кезеңдегі тағдыр-тарихы хақында 10 жылдан  астам (1995ж.-2007ж.) азды-көпті деректер жинап, кезінде үкімет басшысы И.Н.Тасмағамбетовтың, кейін еліміздің Мемлекеттік Хатшысы мен Парламент палаталары депутаттарының алдына мәселе қойып, бұл тақырыпты музей саласы мамандарының республикалық ғылыми конференциясында (Түркістанда), университеттердің ғалымдары, Қарағанды, көршілес Қостанай облыстарының, аудандар мен қалалардың әкімдерінің алдына қойып, Дулығалының ел тарихындағы орнын айқындап бере алған Мәкен Төрегельдин ағамыз еді. Денсаулығына қарамастан Астанаға, Қазақстан Республикасы Мәдениет Комитетінің төрағасы Е.Аманшаевтың (2005ж.) алдына барғанда «Дулығалы - елдік рухымыздың ескерткіші, кешегі бір қиын замандарда басымызды біріктіруге дәнекер болған жер» деген сөзді Мәкен аға бекер айтқан жоқ.

Кеңес төңкерісіне дейін Ұлытау, Жезқазған  аймағында 40-қа жуық үлкенді-кішілі мешіт-медреселер бой көтеріп, қызмет еткен. Бір ғажабы солардың барлығының іргесі 1895-1905 жылдардың шамасында көтерілген. Халықтың жаппай имандылыққа бетбұрған  мамыражай кезеңі болды ма, әлде ел ішіндегі жағдаяттар, көрші отырған ұлыстармен қарым-қатынастардың жандануы, бәлкім үлкен саяси өзгерістер қарсаңындағы рухани даярлық болар, әйтеуір аз уақыт болса да мұсылманша сауат ашу, басқа тілдерді үйрену жаппай дәстүрге айналды. Мұның себебін талдауды тарихшыларға қалдырдық. Дулығалы мешіт, медресесі өзінің дәстүрлі міндетін ғана атқарып қойған жоқ, ел басына күн туған 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысында халықтың өзіне деген сенімін күшейтуге, бас біріктіріп, намысын таптатпауға бекінген ниетіне рухани қуат берді. Тағдырына қатысты маңызды шаруаға батасыз аттанбауды қанына сіңірген халық Амангелдінің сарбаздарына осы мешіттің басына жиналып ақ жол тіледі. Торғайдағы ұлт-азаттық қозғалысының ең алғашқы жиыны өткен, А.Имановты қолбасшы-сардар деп таныған жер - Құлмұхамед ишан мешіті. Географиялық жағынан алғанда Дулығалы қозғалыстың негізгі күші болған (әскер жиналған)  Ұлытау, Қарсақбай, Байқоңыр, одан әрі Спасск, Өспен, Арқалық, Амангелді, Торғай, Ырғыздың тура отасында орналасқан. Мұның сыртында отарлаушы биліктің үстемдігін көбірек сезінген өндірістік орталықтар да осы жерде топтасқан еді. Ең алғашқы жиындар Батпаққара маңындағы Қоғалы көлде, содан кейін Үрпекте өтті деген деректерді жоққа шығармаймыз.Үрпек сөзсіз  саяси орталық болды. «Үрпекке келіп  хан ордасын орнаттық. Бүкіл ел жиналып екі ту бие, 10 қой сойдық. Әбдіғапарды хан, Амангелдіні сарбаз басы сардар сайладық. Ендігі билік сол екеуінің төңірегінде» дейді архив деректері. Саяси орталыққа барлық жақтан жасақтар келіп бас біріктірді. Ел, әскер басқару қазақтың ата-бабадан келе жатқан саяси жүйесіне негізделді. Нияз бидің ұрпағы хан, Иман батыр ұрпағы Амангелді бас сардар сайланды. Қазақстанның басым көпшілік жерлерінде қозғалыс 2-3 айдан аспаса Торғай даласындағы көтеріліс 7 айға созылып, патша тақтан құлағанша жүргізілді. Кейбір деректерде Амангелді сарбаздарының саны 50 мыңға жеткендігі айтылады. Қазақ мінезінің жай күшейтпелі райында айтыла салған дерек болмаса керек. «Генерал Сандецкий 26 ноября сообщал, что в восстании участвуют до 50 тысяч аскеров... На умиротворение края потребуются не менее 1-2 лет» (История КазССР с древнейших времен до наших дней. Каз ОГИЗ 1945г. 391-стр.) Қалай дегенмен тарихи деректер және оқиғаны көзбен көрген куәгерлер көтеріліске бүкіл Торғай уезіндегі 13 болыс елдің қару ұстауға жарайтын ер-азаматтары негізінен қатысқанын растайды. Бір ескерер жәйт, Амангелді жасақтарына шекаралас болыстар мен дуандардан да отрядтар келіп қосылған. Ал,  Қайдауыл болысына қарасты елдің бас қосып, атқа қонған жері – Дулығалы. Құлмұхамед ишанның өзі А.Имановтың түп нағашысы (Қалампыр шешеміз ишан тұқымынан). Ол ту ұстап аттанарда бүкіл Қайдауыл мен 5 болыс қыпшаққа киелі орын болған нағашы жұртынан бата алып аттанғаны ақиқат. Бұл жер әскер жинауға, жаттығу, ойындар өткізуге өте қолайлы.

Дулығалы мешітінің 1916 жылғы қозғалыстардағы тарихи ролін айғақтайтын әңгімелер ел ішінде жеткілікті. Мәкен ағаның көзі тірісінде Жездідегі мұражайға, біздің үйге келіп-кетіп жүрген торғайлық ел ағалары, зерттеуші тарихшылардан естіген деректер де назар аударарлық. 1918 жылы А.Иманов уездік әскери комиссар қызметіне сайланып, Торғайға шақырылады. Торғайға дейін жер шалғай, жолшыбай ел аралап, қона жатып жүріп отырады. Жүзбасы болған Шора Нұржанның үйіне аялдағанда бүкіл ауыл құрметпен қарсы алып, батырдың әңгімесін ұйып тыңдайды. Үй иесінің сол кездегі 16 жасар баласы Қамза кейін Амангелдіні былайша сипаттайды: «Батыр шымыр денелі, шағын, шапшаң сөйлейтін адам екен. Әңгімесінің көбі шариғат туралы болды. Адалдық, мұсылманшылық, имандылықты уағыздады. Әңгімесін тыңдап отырып батырды мен молда ма деп қалдым». Мен естіген бұл естеліктер кейін торғайлық зерттеуші Б.Әлмағанбетовтың еңбектерінде жарияланды. 1916 жыл оқиғаларын көзімен көрген Өмірзақ Бектұрсыновтың айтуына қарағанда сарбаздар әр жорыққа Дулығалы мешітіне соғып, бата алмай аттанбаған.Қазақ аса діншіл болмағанымен, исламның жөн-жоралғыларын қатаң сақтаған. Көтеріліс басталарда, шешуші шайқастарда сарбаздар намаз оқып, құран ұстап, салауат айтып, алған жолдан қайтпасқа құдай үйінде ант беріп отырған. Әулие-әмбиелерге сыйыну -  ата дәстүр. Ұланғайыр Торғай даласында мұндай рухани орда ретінде ең алдымен Терісбұтақтағы Бердікей (Құлмұхамед) мешіті, содан соң Үрпектегі Сарбас мешіті аталады. Жазбаша, ауызша тарихта да солай қалған.

Батырдың мұсылманша сауаты мықты болғанын ел біледі. Кеңестік идеология Амангелдіні таза қызыл революционер етіп көрсеткенмен ол дінге теріс қарамаған. 1919ж. А.Иманов тұтқынға түскенде қолына құран ұстап келген ақсақалдарға сеніп, қапияда аңғалдық танытады. Ел есінде сақталған Балымның ұзақ жоқтауында батырдың үлкен арманы Меккеге бару екендігі айтылады. Дұшпандары Амангелдіні неліктен ат құйрығына сүйретіп өлтірген? Жанын қинау үшін емес әрине. Торғайдағы аласапыран кезінде бір оқпен атып тастауға да болатын еді. Оның бойында әулиенің дұғасы болған дейді үлкендер. Сондықтан батырға оқ дарымайды екен. Осыны естігенде мен сендім. Бұған өткен ғасырдың басындағы қазақ қалай иланбайды. Оның діни сауатын ашқан Дулығалыдағы атақты медресе. Бұл – Көшімбек би (Амангелдінің немере ағасы) мен Амангелді ғана емес бүкіл бердікей, бегімбеттің қарасирақ балаларының сауатын ашып, ел тізгінін ұстау дәрежесіне дейін жеткізген киелі шаңырақ. Құлмұхамед бабамыздың кіндігінен тарайтын 5 ұлдың барлығы да (біреуі ерте қайтқан) ишан атанған. Кешегі 1916 жылдары олар сарбаздарға күш-көлік, азық-түлік, қару-сайман жинауға жәрдемдескен. Мешіт іргесінде қару-жарақ соққан ұстахананың орны әлі сақтаулы. Осы жерде және Байқоңырда қару соғуға пайдаланылған Бектепберген ұстаның көрігі Жезді мұражайында тұр. Ишан-молдаларды жаппай қудалау кезінде әлі күнге Дулығалы, Байқоңыр, Жезді төңірегін мекен етіп келе жатқан Құлмұхамед Арыстанбайұлы ұрпағы қатты қуғын-сүргінге ұшырамаған. Бұл әулетті ел силап, құрметтеген, халыққа жайлылығын, елді иманшылыққа бастаған қасиеттерін, қарапайымдылығы мен момындығын қадірлеген. Үлкен ишан зиратында бүгінгі күнге дейін үзілмей шырақ жанып тұруы да сондықтан болар.

Құлмұхамед ишан мешітінің салыну мерзімі, құрылысқа пайдаланылған материалдар, яғни ескерткішті қалпына келтіру ісінде айналып өте алмайтын деректер жөнінде бірер сөз. Біз пайдаланып жүрген жыл санау мен дағдылы күнтізбеге аталарымыз әлі үйренген жоқ. Ал, ол заманда адамның туған, қайтыс болған уақытын, оқиғалар тізбегін жылдармен кестелеу мүлдем дағдыда болмаған. Атадан балаға берілетін, адамның жадына ғана негізделген дәстүр сақталған. Сондықтан нақты дерек жоқтың қасы. Көп жыл ұстаз болған, ишанның аталас жекжаты Қожа Қалиұлы, Дулығалының іргесіндегі бұрынғы №4 ферманың орталығында тұрған Қаратай Әбдіуахитұлы, Ө. Бектұрсыновтың деректері негізінен бір арнаға тоғысады. Мешіт 9 күмбезді, медресе 24 бөлмеден тұрған. Құрылыс екі рет салынған. Алғашында - өзен табанына таяу еңісте, шымнан тұрғызылған. Кейін қазіргі мешітті көтеруге ишан балалары түгел атсалысып, ауыл-аймақ жәрдемдескен. Кірпішін өрген осы аймаққа белгілі Таппақ шебер. Бір қабырғаны тұтас алып тұратын кітапхананың сирек кітаптарын мешітті бұздырған ауылкеңес М.Азнабаевтың жігіттері өзенге қарай шашқан. «Мешітті бұзып жатқанда 2 адам мертігіп, бір жігіт қаза болған. Азнабаев кейін істі болып, Байқоңырда итке таланып, масқара өліммен көз жұмды» - деген еді Өмірзақ ақсақал. Осындай оқиғалардан кейін киелі орынның бір кірпішін алуға ешкімнің дәті бармаған. Қ. Арыстанбайұлы шамамен 1840 жылдардан кейін дүниеге келіп 63 жасқа жетпей дүниеден өтеді. Мешіт құрылысын баласы Бірмағанбет аяқтаған.

Құрылысқа қажетті кірпіш жергілікті саз балшықтан иленіп, бірнеше түрлі пішін, өрнек, өлшемге сәйкес қалыптарда құйылған.  Құлмұхамед ишаннан тарайтын бес баланың төртеуінен (Әбдірахман, Бірмағанбет, Сейтмағанбет, Әбдірайым) бүгінде бір қауым ел өсіп, өркен жайған.  Ұрпақтарының ішінде немересі Әбдірашит екінші дүниежүзілік соғыста қол бастаған, жоғары әскери шен таққан азамат. Ишан тұқымының қазіргі алтыншы буыны ат тізгінін ұстап, қызметке араласа бастады. Демек, арада 145-150 жыл өтті деген сөз. Қағазға, хатқа түскен өмірдерек мәліметтері жоқ болғандықтан, әр буын ұрпақтың жас мөлшерімен жорамал жасауға тура келеді. Қ.Әбдіуахитұлының үлкендерден естіген деректері бойынша мешіт салынып бітерде Қази ишан Бірмағанбетұлы 3-4 жас шамасындағы бала екен. Төбесі жабылғалы жатқан мешіттің жоғарғы ернеуінде (қабырғасының қалыңдығы жарты метрден артық) құлап кетуден қорықпай, биіктіктен сескенбей жүгіріп, ойнақ салған  Қазиды көргенде «Түбі осы баладан бірдеңе шығады» деп риза болады екен ақсақалдар. Соңғы ишан атанған ол көп жылдар бабасының  басына шырақ жағып, мешіттегі атасының қоржын үйін мекендеген. Атасының емшілік дәстүрін жалғастырған, құран тілін таза меңгерген. Оның қабірі үлкен ишан күмбезінде, атасымен қатар жатыр. «Менің жасым құжаттағы жазудан (1903-1984жж.) едәуір үлкен, осы тұқымда ең көп жасаған адаммын» деп жиі айтады екен Қази ишан. Құлмұхамед тұқымынан Бірмағанбет қырғыз жерінде, Әбдірайым – Арыстанбаб та мәңгілік қоныс тапқан, қалғандары ата қорымда жерленген.

Бірмағанбет 1933 жылы 63 жасында қайтыс болған (Р. Бірмағанбетованың дерегі). Құлмұхамед 11 жасында оңтүстік саудагерлеріне еріп Бұхараға білім алуға аттанады. Ол ишан дәрежесін алумен қатар халық медицинасын, қол өнерін, құрылыс салу машығын – барлығы 12 түрлі өнерді үйреніп қайтады. Заманында мұсылманша білім алу, ишан дәрежесін иелену үшін осыншама өнерді меңгеру қажет болған. Басқа құрылысты айтпағанда мешіттің терезелеріне жергілікті бор (гипс) қабаттарынан өзі ойып, осы әдіске ауыл халқын үйреткен. Мешіттен  25 км. жердегі Сарыиіннен жергілікті халық гипс өндіріп, беріге дейін тұрмысқа пайдаланған. «Терезелік әйнекті біз 60 жылдардан кейін ғана көрдік, - деп еске алған еді  Қ. Әбдіуахитов – Бор жартастарын жұқа –жұқа етіп тіліп, терезеге пайдаланатынбыз». Гипс шыныдай мөлдір болмаса да жарықты жақсы өткізеді әрі жылтырап тұрады.

Мешіт жанындағы медреседе мұсылманша білім берумен қатар орысша оқытуға да мән берілген. Ол үшін татар жігіті Ғаниулланы арнайы шақыртып, ауыл балаларының орысша тіл сындыруына мүмкіндік жасаған. Медреседе Оразбай (ошақты), Жанарқұл Қоңыратбаев (көкмұрын), Жақсылық Батырбаев (бердікей) секілді молдалар дәріс берген. (Қ.Қалиұлы дерегі)
Дулығалы мешітін қалпына келтіру мәселесімен 2000 жылдары Жезқазған мешітінің өкіл имамы Т.Әсембай, белгілі өлкетанушы К. Балкенов, Қарағанды облысы ескерткіштерді қорғау инспекциясының басшысы Т. Төлеуов , «Ұлытау-Ұлар» жаңғырту фирмасының басшысы, сәулетші Ә.Төлебаевтар белсенді айналысқанын айта кеткен жөн. Тарихи ескерткішке бүгінгі таңда «Ұлытау» ұлттық қорық музейі айрықша назар аударып отыр. Мешіт 2011 жылы ішнара жаңғыртылды, Құлмұхамед кесенесі мүмкіндігінше жөндеуден өтті. Тарихи мұраны сақтап қалуға игілікті қадам жасалды. Қазақстан аумағында баламасы жоқ 9 күмбезді мешіт қалпына келсе, халықтың ауылға бет бұруына ықпал етер, мінәжат етушілер мен туристердің рухани бекетіне айналар деген үміт жоқ емес. 

З.Қазанбаева,
М.Төрегелдин атындағы музейдің басшысы. 

  1. Дулығалы мешітінің негізгі орталықтардан қашықтығын көрсететін схема-карта. 
  2. Дулығалы мешітінің жалпы көрінісі.