Қазақстандағы ең көне ескерткіш нұсқаларының бүгінгі күнімізге жеткен бір үлгісі Домбауыл дыңы.

Домбауыл дыңының табаны төртбұрышты болып төселгенімен, көтеріле келе күмбезге ұласып кетеді. Бұл Қазақстан мен Орта Азиядағы орта ғасырда етек алған сәулет үлгісімен айрықша мәнділігін айғақтайды.   Ғалым Ә.Х. Марғұланның айтуынша оғыз-қыпшақ дәуірінде «дың» салу дәстүрі болған.  Сонымен қатар «дың», «деңгілі», «деңгілі тепе» түркіменның көп жерінде кездеседі. Олар өзінің пішіні бойынша не дөңгелек, не төртбұрышты болып келеді.  Фламанд саяхатшысы В. Рубрук:  «Куманы (кипчаки) строят для богачей пирамиды (дың), тоесть остроконечные дома, хотя камней там и не находятся» - деген. Тастан дөңгелек мұнаралар жасау ғұн, түрік қағанаты кезінде ерекше орын алған. Қыпшақ пен оғыздар төбесінде күмбезі бар ондай тас үйлерді , «дың»,  «діңгек»,  «үй тас»  деп атаған. Тас мүсіндермен байланысты естелік құрлыстың бір тобы  дың, үйтас деп аталады. Қай жерде тас мүсін көп болса, ол жерде дың , діңгек, үйтас та жиі кездеседі. Бұлардың жиі кездесетін жері, әсіресе Орталық Қазақстан мен Жетісу өлкесі. Зерттеу жұмыстары бойынша VI-VIII ғасырларда қолданылған тас шарбақтың орнына, тас мүсінді енді тас обаның іргесіне не үйтас дың деп аталатын құрлыстың қасына қоятын болғаны байқалады. Дың мен үйтастың ерекшелігі: олар Қазақстанның ежелгі  мал өсірушілерінің жазғы киіз үйіне өте ұқсас.  Рим жазушыларының бақылауынша «сақтар  таудың етегінде  кірпіштен үй салып, оның төбесін көтеріп, үйдің жоғарғы екі бүйірінен тесік қалдырады ». Бұл сипаттама Домбаул дыңына тура келеді. Ғұн, үйсін дәуірінде тастан дөңгелетіп салынған үйлердің қалдығы бергі кезге дейін  сақталып келген. Тастан өріп салынған биік дың архитектурасының жиі кездесетін жері Орталық Қазақстан, оның ішінде  Ұлытау өңірі. Бұл өлкеде бүтіні бар, бұзылғаны бар онға тарта дың тектес ескерткіш бар. Осының ішінде ең сәулеттісі Домбауыл дыңы.  Үйтас ескерткіштерінің археологиялық зерттеу кезінде  жерлеу орындары анықталмаған, бирақ тастың төменгі жақтарынан ғұрыптық заттарды,  қойдың жаурын сүйегі, жібек матаның жұрнақтары табылған. Орта кезінде үлкен алаудың болғандығы байқалған.

Домбауыл есімі тарихи жазбаларда да, ауызша аңыздар да да кездеседі. В.В. Радлов жазыр алған Тоқтағұл мерген, Г.Н. Потанин жазған Шыңғысхан туралы аңыз және басқаларынан Домбауыл есімі жиі ұшырасады. Домбауыл жөнінде келесі аңыз даңқты Алашахан және Жошыханға байланысты 1897 жылғы «Дала уалаяты газеті» бетінде жарық көрді.

Алаша ханның Домбауыл аты құлы болады. Домбауыл жойқын қара күштің иесі  және ханға жан тәнімен берілген адал деседі. Жошы ханды құландар шайнап өлтірді деген хабар жеткенде, Домбауыл барлық құланды атып өлтіруге ант ішіп, Қабанқұл және Еңкей деп аталатын екі атпен құландарды қууға аттанады.

Құландардың мыңдаған табынын қырып жояды. Табындардан аман қалған бес құлан Шу өзені арқылы өтіп қашады. Осы жер қазірге дейін «Бесқұлан»деп аталады. Домбауыл бес құланды  қууды әрі жалғастыра береді. Шу өңірінің соқпақты  жыраларында Қабанқұлан  тұлпары зорығып өледі. Жалғыз қалған Еңкей  жүйрігімен  құландарды  қууды жалғастыра түседі. Тағы бір соқпақты жыраларда  Еңкей  аты да зорығып өлген екен.

Қазірде осы жерлер «Қабанқұлан» және «еңкей» деп аталады. Басқа бір аңыздарда Домбауыл (Дондығұл) –аңшы, мерген кісі деп айтылады. Бұл саладағы аңыз  мазмұны төмендегіше:

- Сол замандағы  хандардың бірінің жалғыз көркем өскен қызы болады. Ханның қызын еркек жыныстылардан  сақтау үшін өте сенімді әйел күзетшісі болады. Ханның қызы  мен күзетші әйел, ай, күн, жұлдыздардан басқаны көрмейді. Алайда бір күні ұйықтап жатқанда ханның қызына күн сәулесі түсіп, жүкті болып қалады.

Осы жағдайға  ашу мен ыза кернеген айбарлы хан қызын алтын сандыққа салып теңізге тастайды.Монғолдың торғауыт тұқымынан тараған  Домбауыл жолдасымен бірге теңіз жағалауында балық аулап жүріп, су бетіндегі сандықты алады. Алтын сандық Домбауылдың жолдасына, ал қыз Домбауылдың еншісіне тиеді. Көп кешікпей ханның қызы Шын-қыз-қан атты сәбиді дүниеге келтіреді.  Осыдан кейін Домбауылдың  өзінен төрт ұл табады. Бұл ұлдар өсе келе өгейсің деп Шын-қыз-ханды шеттетіп, ақыры үйден кетуге мәжбүр етеді. Көп жылдар өткен соң осы өңірдің халқы көбейіп, орталарынан хан сайламақшы  болады. Үлкендер Шыңғысты  хан сайлау керек, себебі оның қаны таза – хан тұқымы деседі. Ақырында Шын-қыз-қанды тауып әкеледі. Шыңғыстың шешесі  ұлдарының арасында  алаауыздық  болмасын деген саясатпен  киіз үйдің  түндігі  арқылы жебе тартып, нысанаға кім тигізсе сол хан сайлансын деп шарт қояды. Алайда анасының бұл шартын домбауылдан туған ұлдар орындай алмай, Шын-қыз-қан  ғана мүлтіксіз тигізеді де хан сайланады.

Аңыздың  үшінші бір салаларында  Домбауыл  монғолдың торғауыт руынан шыққан батыр екен деп дәріптеледі. Аңыздың  бұдан да басқа түрлері айтылуы мүмкін, алайда  бұлардың барлығы  өкінішке орай Домбауыл кешенінің қай жылы салынғанын және оның кім болғанын толық дәлелдей алмайды.  

 

Искаков.А.

М.Төрегелдин атындағы

Жезді кентіндегі тау-кен

және балқыту ісі тарихы

музейінің ғылыми қызметкері.