Ұлытау аймағы, Торғай, Жыланшық, қос Кеңгір, Жезді, Сарысу өзендерінің бассейіндері  ежелгі дәуірлерден отырықшы мәдениеттің ірі ошақтары болды.

Орынбор өлкесінің аса танымал зерттеушісі, инженер-поручик Г.Ф.Генс біздің аймақты XVIII-XIX ғ.ғ. зерттеген экспедицияларға қатысқаннан кейін «Здешняя страна была удобный не для одной кочевой пастушеской жизни» деген қорытындыға келеді. Ұлытау, Торғай даласының геологиясы мен топографиясының білгірі өз жазбаларында алып қорғандар мен қамалдар, сыйыну, жерлеу орындары өте көп кездетінін және ол құрылыстар күйдірілген кірпіш, саз балшықтармен қатар табиғи және өңделген тастардан тұрғызылғанын атап көрсетеді. Сондай ерекше ескерткіш - Ұлытаудың Едіге биігінің етегіндегі Айбас дарасы ғұрыптық кешені.

Үстіміздегі жылдың қыркүйек айында қола дәуірінің кешеніне ғылыми-реставрация жұмыстары жүргізілді. Негізгі мақсат – Едіге шыңының етегіндегі ерекше өркениет ескерткішін мүмкіндігінше бастапқы қалпына келтіру, шағын тас қоршаулар мен жерлеу орындарын соңғы кезеңдердегі топырақ қабаттарынан, әр жылдарда жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының қалдықтары мен үйінділерінен тазарту. Бұл әрине, өз кезегінде Ұлытау ескерткіштеріне қызығушылық ерекше артып отырған қазіргі жағдайда туризмді дамытуға қажетті алғышарттардың бірі. Ғылыми-реставрация жұмыстарын Қарағанды облысының мәдениет басқармасының тапсырысы және қаржыландыруымен «Сарыарқа тарихи-мәдени мұра орталығы» ЖШС атқарды. Ғылыми қалпына келтіру жұмыстары Қ.Р. Мәдениет және спорт министрлігінің «Тарих және мәдениет ескерткіштеріне ғылыми-реставрациялау жұмыстарын жүргізу қағидаларын бекіту туралы» (2015 ж. 30 қараша) №367 бұйрығының 8 тармағына сәйкес жүргізілді.

- Биылғы жылы Қарағанды облысы бойынша 11 тарихи ескерткішке ғылыми-жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде Ұлытау ауданындағы өте күрделі кешендер – Айбас дарасы мен Дулығалы мешіті. Айбас дарасы – өркендеген қола дәуірінің, ал Дулығалы ХІХ ғ. соңы ХХ ғ. басында рухани орталық болған мешіт-медресе орны. Облыс көлемінде жоспарланған тарихи-мәдени мұра объектілеріне қалпына келтіру жұмыстары негізінен аяқталып қалды. Нәтижесі ойдағыдай, – дейді Қарағанды облысы мәдениет басқармасы ескерткіштерді қорғау инспекциясының жетекшісі Т.Төлеуов.

Айбас дарасы – Орталық Қазақстанның беғазы-дәндібай мәдениетіне жататын ескеркіштері тобының ең көрнектісі. Орталық Қазақстан, оның ішінде Ұлытау, Жезқазған аймағының әр замандардағы ескерткіштері арасынан тасты пайдалану мәдениеті ерекше байқалатын кешендер – қабірлер мен жерлеу орындары ғылым үшін айрықша маңызды. Біздің өлкеде осы топтағы ескеркіштердің мұқият зерттелуі академик Қ.И.Сәтбаевтың бастамасымен ұйымдастырылып, археолог Ә.Х.Марғұлан жетекшілік жасаған Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясынан басталады. Экспедицияның тарих ғылымына қосқан басты еңбегі – Орталық Қазақстандағы қола дәуірінің соңғы кезеңінің ескерткіштерін ғылыми айналымға енгізуі. Бұл ашылым бүгінігі таңда «беғазы-дәндібай мәдениеті» деген атауға ие. Беғазы мәдениеті монументалды тас сәулет өнерінің жаңа дәуірі болды. «Орталық Қазақстан аумағында тастан жасалған құрылыс ісінің дамуына табиғи тастардың молшылығы себеп болды», - деп атап көрстеді Ә.Х.Марғұлан. Сарыарқада «мангу кая» тасты құрметтеу рәсімі болған. Б.з.д. ІІ мыңжылдықтан бастап тас тұрғын жай, мемориалдық және діни ғимараттар құрылысы кезінде негізгі құрылыс материалы болды. Бұл ғимараттар тайпа басшыларын және ерекше батырларды мәңгілікке есте қалдыру үшін жасалған. Осы уақыттарға дейін сақталған Айбас дарасы қабірлер кешені – Ұлытау ескерткіштерінің ең көрнектісі және тарихта мейілінше ұзақ мерзімге созылған қола дәуірінің өркендеген кезеңінің жәдігері.

Айбас дарасы кешенін 1946 жылы Ә.Х.Марғұлан жетекшілік жасаған ОҚАЭ ашып, зерттеу жұмысын бастаған. Ол Сары Торғай өзенінің сағасы – Айбас өзенінің оңтүстік алқабындағы биіктікте, Едіге шыңының солтүстік-батыс етегінде орналасқан. Кешен орналасқан алқап бірнеше  тарихи мерзімдердің ескерткіштерін қамтиды. Бұл жерде тас қоршаулы қорғандармен ерекшеленетін соңғы қола дәуірінің, VI-IX  ғ.ғ. түрік және қыпшақ өркениетін, ерте темір және орта ғасыр ескерткіштерін, соңғы орта ғасыр қалашығының орнын, сол сияқты тас дәуірнің тұрақтарын кездестіруге болады. Айбас дарасы кешенінің өзі жоғарыда атап көрсеткендей беғазы-дәндібай мәдениеті таралу аймағының батыс шекарасын айқындайды. Қола дәуірінде өркендеген сәулет өнерінің өзіне тән белгілері айқын сақталған ескерткіш. Қалпына келтіруші топтың негізгі міндеті – 1972 жылы және 2004-2006 ж.ж. археологиялық қазба жұмыстары кезіндегі үйінділерді тазарту, қорғанның сыртқы қабырғаларын (тас қоршаулар) және жерлеу төмпешіктерін қалпына келтіру. Негізінен 8 қоршау – ескерткішке ғылыми қалпына келтіру жүргізілді. Олар негізгі қоршау-қорғанды шығыстан солтүстік-батысқа қарай айнала орналасқан. Жерлеу орындарының тізбегі бір-бірінен 10-14 метр қашықтықта, барлығы дерлік сыртынан таспен қоршалған. Үлкен қызығушылық тудыратын және туристер үшін маңызды нысын-орталық қоршау-қорған. Орталық қорған 12х12 м шаршы пішінді, диаметрі 20 м аумақты қамитын мейілінше күрделі кешен. Оның бұрыштары дүниенің төрт бұрышына бағытталған. Қабырғалары үлкен өлшемді және арнайы өңделген тас плиталармен қаланған. Негізінен Орталық Қазақстанда кейінгі қола дәуірінің тас құрылстары әдісімен тұрғызылған. Ә.Х.Марғұлан зерттеулерінде қоршаудың шығыс жақ қабырғасы тонаушылардың әрекетінен бүлінгендігі атап көрсетіледі. Арада 50-60 жыл уақыт өткен бүгінгі көрінісінде кешеннің барлық бұрыштары үйінді астында қалып, бастапқы бедері ішінары ғана сақталған. Әсіресе, кешеннің мал өрісінің жолы мен жайылым алқабында орналасуы оның сақталуына елеулі зиян келтіргенге ұқсайды. Қоршаудың ортасындағы тас жәшік іші тал, тобылғы, итмұрын өскіндерімен толып, бітеліп қалған. Тас жәшіктің солтүстік-шығыс шығыңқы қабырғасының тас плиталары қатты бүлінген, қалған қабырғаларының биіктігі ернеумен жиектес болған соң сақталаған. Жерлеу камерасы сыртқы тас қоршаумен радиалды сызықтармен қосылып, трапеция пішіндес бөліктерге бөлінген. Ескерткішті сол дәуірдегі өзі тектес кешендерден ерекшелендіретін осы құрылыс деуге болады. Сырт қарағанда күн сәулесінің шапақтарына ұқсас және бөліктердің аудандары да күн жолақтарының түсу бұрышының әр түрлілігін қайталайтындай. Ә.Х.Марғұлан зерттеуі бойынша бұл бөліктер екі түрлі міндет атқарған. Біріншіден, құрбандық шалу орны. Себебі: еден қабатында ғұрыптық жоралғы белгілері – шырақ жағу орны,күл және жануарлар сүйектері сақталған. Екіншіден: сыртқы қорғандарды ұстап тұратын беріктік құрылым ретінде пайдаланылуы мүмкін. Ортадағы тас жәшік тайпа көсемі немесе беделді абыздың жерлеу орны. XIX-ХХ ғ.ғ. «төмпешікшілер» тонауына ұшыраған. Айбас дарасынан табылған құнды жәдігерлерден бізге белгілісі – екі бөліктен тұратын қуыс алтын білезік. Білезіктің төменгі бөліктері тік бұрышты үшбұрыш өрнектерімен көмкерілген. Қ.И.Сәтбаев атындағы геология институының жүргізген спектральды талдауы білезік 86% алтын, 13% күміс, 1% мыс құймасынан тұратынын анықтаған. «Можно сказать, что по обилию керамики Айбас Дарасы – один из уникальных памятников эпохи бронзы в Центральном Казахстане» - деп атап көрсетеді Ә.Х.Марғұлан. Бұл жерден 40 - тан астам қыш құмыралар, оның жартысынан астамы бүтін күйінде табылған. Бір ерекшілігі, шеберлер қыш бұйымдар жасауда саз балшыққа кварц ұнын қосу арқылы беріктігін, әсемдігін, отқа төзімділігін арттырған.

Ескерткіш орналасқан аймақ ақ қайың, сәмбі талдар шоғырынан тұратын шағын тоғайлар көмкерген тау аңғары. Ұлытау тауларының тізбектелген қатпарлары оңтүстік батысқа қарай көсіле созылып өткелі қиын шың-құзды Едіге биігіне тіреледі. Едігенің биігінен Ұлытау анағұрлым аласа тау массиві болып көрінеді. Тек қана Әулиетау асқақ қалпынан таймай, тәкаппар сағымданады. Шағын тоғай шоғырлары алты ай жазда ылғалдан арылмайды. Төңкерілген кеседей кішігірім қарасулар ұшқан құс, жүгірген аң, тау қолтықтарын қалқа қылған шаруалардың мал-жанының азығы. Осынау табиғи оазис ғасырлар бойы бәлендей өзгеріске ұшырамай отырықшы тіршілікке негіз болып келеді. Қолмен қашағандай көлемді тастардан қиюластыра текшеленген Айбас қорған-қоршаулары бізге мәлім және беймәлім өркениеттердің жалғыз куәгері. Біздің көргеніміз үлкен тарихтың тамшысы ғана, ал сезгеніміз мылқау қабырғалардың уақыт дауылы шағылысқан сәттегі жаңғырығы ғана.

Кешенді зерттеуді Ә.Х.Марғұлан экспедициясынан кейін 2004-2006 ж.ж. археолог, т.ғ.к. Ж.Құрманқұлов басқарған археологиялық топ жалғастырған. Ескерткіш болашақта саяхатшылардың назарын аударатын туристік объект болуға сұранып тұр. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Айбас дарасы кешеніне жүргізілген ғылыми қалпына келтіру жұмыстары Ұлытау тарихын дәріптеу, құнды мұраларды сақтауға бағытталған маңызды қадам болғаны сөзсіз. Шағын мақала соңында ғылыми-қалпына келтіру жұмыстарын атқарған мамандардың пікірін келтіре кетуді жөн деп таптым.

Сырым Есенов– топ жетекшісі, Қ.Р Ұлттық музейінің аға ғылыми қызметкері, археолог:

- Едігенің етегі бірнеше ғасырлардың өркениеті тоғысқан аймаққа ұқсайды. Ұлытау өлкесіне алғаш рет келіп тұрмын. Өзім орта ғасырдағы қала мәдениетін зерттеуші болғандықтан бұл ескерткіш мені қатты қызықтырды. Өйткені, археолог үшін дәуірлердің өзара сабақтастығын білу маңызды. Айбас дарасы қола дәуірінен кейін де ғұрыптық мақсаттарға пайдаланылған секілді. Себебі, айналасында ерте темір дәуірі (сақ мәдениеті) обалары, орта ғасыр ескерткіштерінің белгілерін байқадым.

Ерболат Рахманқұлов – Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының өкілі, Ә.Марғұлан  атындағы археология институты Астана филиалының археологы:

- Белгілі археолог З.Самашаевтің жетекшілігімен Берел қазбаларына қатысып келемін. Әрине, екеуінің көлемін салыстыруға болмайды. Менің ойымша бұл төңіректі әлі де зерттеу қажет секілді. Әсіресе, сақ дәуірінің төбелері мен обаларытың мәліметтер беруі мүмкін. Айбас дарасы саяхат үшін маңызды бағыт бола алады. Біз туризмді дамыту үшін жол нашар дейміз. Мысалы, Монғолияда мүлдем жол жоқ. Ол жақта жол талғамайтын көлікпен ғана жүруге болады. Есесіне саяхатшылар үшін сервис, демалыс жақсы ұйымдастырылған. Бұл мәселені меніңше жергілікті бизнес өкілдері қолға алуы керек. Қазақстанда нақты бағыттарға арналған турфирмалар ашылуы керек. Өз басым Айбас дарасынан бірнеше кезең мәдениетінің синтезін байқағандай болдым.

Бақтияр Бутеев – Түркия, «Түркі дүниесін зерттеу институтының» докторанты, археолог:

- Түркияда еңкейген кәріден есін білген балаға дейін ортақ идеология бар. Ол – «Біз асыл тұқымбыз» деген сенім. Олар барлық дүниеден түркілік негіз іздейді, болмаса қолдан жасайды. Ал, қазақ үшін мұның бәрін тарих, бабаларымыз жасап кеткен. Меніңше тарихты оқытуды мектеп базасында мықтап қолға алу керек. Патриоттық сезім, ұлтжандылық, елді сүю – осының барлығы тарихты білуден, құрметтеуден басталады.

 

 

З.Қазанбаева

экспедицияға қатысушы.

М.Төрегелдин атындағы

музейдің басшысы.

Қарағанды облысы

Ұлытау ауданы, Жезді кенті.

 

 

Суреттерде:

1. Айбас дарасы. Ә.Марғұлан сызбасы.

2. Едігенің етегінде өркениет.

 

3. №3. қорғанды қалпына келтіру сәті.

4. Орталық қорғаннның тас жәшігі.

5. №5 қорған.

6.Археологтар (солдан оңға қарай) Б.Бутеев, Е.Рахманқұлов, С.Есенов қалпына келтіру жоспарын талқылауда.

 

7. Ескерткіш қалпына келтірілгенге дейін.

8. Қалпына келтірілгеннен кейін.