Жастардың бастаңғы кештері бұрыннан белгілі ауыл жастарының сауық құрып. бас қосатын шарасы. Биылғы Жастар жылы шеңберінде музей жастары осыдан екі  жыл бұрын басталған шараны қайта жалғастырып, әлеуметтік желі арқылы ауылдастарын наурыздың алғашқы  шарасын бірге өткізуге шақырды.


Іс шараға жиналған жастар наурыз көже пісірудің әдісін ортаға салып, өзара дәріс өткізіп, келушілерге мерекелік асты бірге әзірледі. Бастаңғыға кент әкімі қатысып, жастарды белсенділікке шақыра отырып, ауыл өміріне үлес қосуға шақырды. Жездінің жастары қолдан келер өнерлерін ортаға салып,  әсем әнмен көңілді ойындар өткізіп, өзара пікірлесті. Ұлттық ойын «Тоғызқұмалақ» дәрісін музейден тәжірибе өтіп жатқан студент болашақ жас маман жүргізсе, кент ауруханасына келген жас маман кәсіптік массаж жасау әдістерімен бөлісіп, ауылымызда  емдеу мекемесінде қызмет көрсету үлгісін ұсынды.

Мерекелік сауыққа қатысушы жас ұстаздар мерекелік торт пісіру мен оны безендіру әдісінен дәріс өткізсе,  11 сынып оқушысы өз қолөнерін ұсынып, сыйлық әзірлеудің үй жағдайындағы қарапайым әдісімен бөлісті. Әрине көктем келгенде жастар әдемілікке ұмтылады. Сұлулық салонын ашуды мақсат еткен жас маман қыздарға бояну, шаш үлгісін жасаудың сабақтарын үйретті.  Көңілді кеште салт-дәстүр, ұлттық қолөнер мен  әдет-ғұрыптар жайлы жұмбақтар, сұрақтарға жауап беріп сайысқан жастар білімділігін ортаға салды.

Көрісу күні өтетін шара ретінде ауыл жастары бас қосып, наурыздың ұмытылған шараларын жаңғыртукеректігін атап өтті.