14 наурыз күні М.Төрегелдин атындағы тау-кен және балқыту ісі тарихы музейінде «Алтын тамыр» этнографиялық айлығы шеңберінде «Шебер-2025» фестивалі шымылдығын ашты.

Фестивальда өлке тарихында есімі қалған шебер ұсталар:Бәрменбай Қорғанбаевтың туғанына -140 жыл,  Бектепберген Үдербайұлының туғанына –155 жыл, Данияр Кәрібаевтың туғанына – 150 жыл толуына орай музей қорындағы шеберлер жәдігерлерінің «Ұрпаққа мұра ұлы өнер» тақырыптық көрмесі ұйымдастырылды. Сонымен қатар «Sheber-fest-2025» фестиваліне  аймақ музейлері: Ұлытау облысының тарихи-археологиялық музейі, Ұлытау ауданының тарихи-өлкетану музейі, Жаңаарқа ауданының тарихи-өлкетану музейі қорларынан ұсталық және зергерлік өнер туындылары көрмесімен қатысты.

Мерекелік іс-шарада көрісу күнінің  ғұрыптары және ұсталық өнер дәстүрлері: ұста дүкенінің ашылуы, төс майлау ғұрыптары жасалды.

Аймақ музейлерінің қолөнер шеберлері Ерғазы Кеңесұлы “Қазақ батырлары қаруындағы зергерлік өрнектер”, Кешубай Хамитұлы “Сақ заманының зергерлік өнері”, суретші-безендіруші Сабира Әбдіқадырқызы “Киелі кимешек”, Жаңаарқалық шебер Бержан Бапанұлы «Қамшы жасау» шеберлік сағатын ұсынды.

Іс-шарада Ұлытау  облыстық тарихи-археологиялық музейінің “Қазақ қызының әшекейлері” зергерлік коллекциясы көпшілік көрерменге таныстырылды. С.Сейфуллин атындағы Жаңаарқа аудандық тарихи-өлкетану музейі  зергерлік бұйымдар, ер-тоқым, көрік және астау-табақтан құралған көрмені қонақтар назарына ұсынса, Ұлытау ауданының тарихи-өлкетану музейінің "Зергерлік әшекейлер" көрмесі таныстырылды.