Жезді кентіндегі тау-кен және балқыту ісі тарихы мұражайы Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің 21.12.1988 жылғы № 285-р Жарлығы бойынша ұйымдастырылған. Мұражай қоры 1986 - 1988 жылдары жергілікті өлкетанушы М.Төрегелдиннің бастамасымен Жезқазған тарихи-археологиялық мұражайының ғылыми-зерттеу бөлімі болып ашылған кезеңінен жинақтала бастаған. Мұражай Сарыарқаны басып өтетін ежелгі керуен жолдары мен орта ғасырлардағы Ұлы Жібек жолының Ұлытау арқылы Ресейге шығатын маңызды тармағында орналасқан.

Өзінің тақырыптық ерекшілігі, экспозициясының құрылымы, жәдігерлерінің құндылығы жөнінен Орта Азия, ТМД елдерінде кездеспейтін бірегей орталық болып есептеледі.

Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына  - 35 жыл толуына орай 2024 жылдың 9 ақпанында  №6 ТМ (РО) КММ-де ауған соғысының  және кеңес елі шекарасынан тыс жерлерде міндетін өтеген Қарулы күш ардагерлерімен кездесу өтті. Осыған байланысты Мәкен Төрегелдин музейі Ауған соғысына қатысқан жерлестеріміз жайлы деректерден  «ХХ ғасырдың соңғы соғысы» тақырыбында жылжымалы көрме ұйымдастырды. Іс-шара Мемлекеттік Әнұранмен басталып, одан әрі ауған соғысында қаза болған жауынгерлерді  үнсіздікпен еске алуға жалғасты. Бағдарлама шеңберінде алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі О.Ермағанбетов оқушылармен әскери оқу-жаттығуларын өткізді. Кездесу ардагерлермен  дөңгелек үстелде еркін әңгімемен жалғасты. Музей  қорынан Ауған соғысында қаза болған жезділік жауынгерлер М.Сансызбаев пен Ғ.Құттыбаевтың  майдан жолдары баяндалған бейнематериал көрсетілді. Ардагерлер М.Бектұрсынов, Б.Бірмағанбетов, Е.Әлкенов сұрапыл  соғыстың ащы дәмін татқан ауыр күндерін, сол кездегі 18-20 жас аралығындағы жастардың интернационалдық борышын өтеу жолындағы ерліктері жөнінде әңгімелеп берді. Ардагерлер қазіргі жастарды бейбіт өмірді сақтауға, Отанды қорғауға әрдайым дайын болуға шақырды. Кездесу соңында оқушылар ардагерлермен естелік суретке түсті. Жылжымалы көрмеге  музей қорынан 53 бірлік  жәдігер шығарылды.