Жезді кентіндегі тау-кен және балқыту ісі тарихы мұражайы Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің 21.12.1988 жылғы № 285-р Жарлығы бойынша ұйымдастырылған. Мұражай қоры 1986 - 1988 жылдары жергілікті өлкетанушы М.Төрегелдиннің бастамасымен Жезқазған тарихи-археологиялық мұражайының ғылыми-зерттеу бөлімі болып ашылған кезеңінен жинақтала бастаған. Мұражай Сарыарқаны басып өтетін ежелгі керуен жолдары мен орта ғасырлардағы Ұлы Жібек жолының Ұлытау арқылы Ресейге шығатын маңызды тармағында орналасқан.

Өзінің тақырыптық ерекшілігі, экспозициясының құрылымы, жәдігерлерінің құндылығы жөнінен Орта Азия, ТМД елдерінде кездеспейтін бірегей орталық болып есептеледі.

 Ахмедия Жұмабаев

Ахмедия Жұмабаев (1905 - 1978 ж.ж.). 1905 жылы Жамбыл облысы, Байқадам ауылында дүниеге келген. 1930 жылдары Ленинградта жоғары білім алған. Мамандығы - химик. 1960 жылы Қарсақбайдағы №1 орта мектепке химия, биология пәнінің оқытушысы болып орналасады. 1969 жылы академик Қ.И.Сатбаевтың 70 жылдық мерейтойы қарсаңында Қарсақбайда ашылған академиктің Музей-үйінің алғашқы меңгерушісі және ауданда музей ісін алғаш ұйымдастырушы. Қ.И.Сәтбаевтың өмірі мен қызметіне қатысты Алматы, Томск, Баянауыл, ғалымның туған жері Ақкелін ауылына арнайы сапарлармен барып жинақтаған деректері бүгінде музейдің негізгі қорын құрайды. Музей - үйдің екінші жартысында отбасымен тұрған А.Жұмабаев өмірінің соңына дейін осы мәдениет ошағының меңгерушісі, қор сақтаушысы, күзетшісі, бағбаны  әрі экскурсоводы қызметтерін бір өзі атқарды.